«FlyArystan» АҚ-ның («Air Astana» АҚ-ның еншілес компаниясы) баспасөз қызметі 2026 жылғы 11 наурызда жолаушыларға маңызды хабарлама жасады, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты Zakon.kz порталына сілтеме жасап.
Компания мәліметінше, Таяу Шығыстағы тұрақсыз жағдай мен өңірде енгізілген шектеулерге байланысты Ақтау –Дубай – Ақтау бағыты бойынша рейстер кестесіне өзгеріс енгізілген.
Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында және қазіргі жағдайды ескере отырып, аталған бағыттағы рейстер 2026 жылғы 31 наурызға дейін уақытша тоқтатылады. Бұған дейін бұл бағытта ұшақтар аптасына екі рет – сейсенбі және сенбі күндері қатынап келген.
Сонымен қатар компания өкілдері рейсі тоқтатылған жолаушыларға билеттерін сатып алған жері арқылы айыппұлсыз толық қайтаруға немесе басқа күнге тегін қайта брондауға мүмкіндік берілетінін хабарлады.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандағы ең ірі әуе компаниясы да Дубай бағытына барлық рейстерін уақытша тоқтатқан еді.



