Жаңалықтар

Фонограммаға тыйым: Тоқаев заңға қол қойды

Қазақстан музыка индустриясы үшін маңызды шешім қабылданды: енді елімізде фонограммаға ресми түрде тыйым салынды. Яғни, сахнаға шыққан әр әнші тыңдарман алдына тек өз даусымен, шынайы орындаумен шығуы тиіс, деп хабарлайды qandastar.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау салаларына өзгерістер енгізетін Заңға қол қойды. Құжаттағы маңызды түзетулердің бірі – концерттерде фонограмма қолдануға тыйым салу. Бұл өзгеріс жылдар бойы талқыланып келген мәселенің нүктесі. Тыңдарманның сенімін арттыру, өнерпаздың кәсіби деңгейін көтеру және отандық эстрададағы сапаны жақсарту түзетулердің басты мақсаты.

Ақорда мәліметінше, бұл талап тек концерттерге қатысты. Ал телевизиялық жазбаларға немесе концерт өткізуге арналмаған алаңдарға бұл шектеу қолданылмайды. Сонымен қатар жаңа норма авторлық құқықты қорғауды көздейді.

«Концерт өткізу кезінде фонограмма пайдалануға тыйым салынады. Сондай-ақ авторлық құқық объектісі саналатын шығармаларды масс-медиада немесе онлайн-платформаларда жария түрде пайдаланған кез келген жағдайда авторды (авторларды) көрсету міндетті», – делінген Ақорда хабарламасында.

Жаңа заң талаптарына сәйкес, концерт басталмас бұрын көрермен алдын ала хабардар етіледі: фонограмма мүлдем қолданылмайды. Алайда, телевизиялық жазбалар мен концерт өткізуге арналмаған орындарда өтетін шағын шараларға бұл талап жүрмейді.

Ең маңызды жаңалықтардың бірі – авторлық құқықты қорғауға қатысты. Енді кез келген туынды масс-медиада немесе онлайн платформада жарияланса, автордың аты-жөні міндетті түрде көрсетілуі тиіс. Бұл шығармашылық адамдарын қорғаудың жаңа деңгейі.

Мәдениет саласындағы бұл өзгерістер ұзақ талқылаудың, қоғамның, депутаттардың және өнер саласының өзекті сұраныстарының нәтижесі. Тыңдарман енді ақылы концертке келгенде шынайы дауысты, сахнадағы адал өнерді көретініне сенім арта алады.

Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаттары фонограммамен ән айтуға тыйым салуды ұсынған болатын. Алайда, олардың бұл бастамасы Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан қолдау таппаған.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button