
Freedom Bank-тен несие рәсімдеген қазақстандық азамат ай сайынғы төлем көлеміне байланысты ел Президентіне видеоүндеу жолдады, деп хабарлайды qandastar.kz
Оның айтуынша, банк белгілеген ай сайынғы төлем 231 679 теңгені құрайды. Алайда бұл соманың тек 44 186 теңгесі негізгі қарызды өтеуге жұмсалып, қалған 187 493 теңге банктің пайыздық мөлшерлемесіне кетеді.
Видео әлеуметтік желі қолданушылары арасында кең талқыланып, несие шарттарының ашықтығы мен банктердің пайыздық саясаты туралы мәселе қайта көтерілді.
Азамат банктің есептеу тәсіліне наразы екенін айтып, бұл жағдай көптеген қазақстандықтардың басында бар екенін жеткізді. Ол Мемлекет басшысына жүгініп, қаржы ұйымдары тарапынан әділдік пен ашықтықты қамтамасыз ету үшін шара қолдануды сұрайды.
Қоғамда бұл іске қатысты бірнеше сұрақ туындады:
• несиеге қосымша комиссиялар немесе қосымша төлемдер енгізілген бе;
• егер енгізілген болса, ол шарттар клиентке келісімге қол қоймас бұрын толық түсіндірілген бе.
Қазір аталған жағдай жұртшылық арасында қызу талқыға түсіп, банк секторындағы тұтынушылар құқығы мәселесін қайта күн тәртібіне шығарып отыр.



