Қазақстанда футбол клубтарын мемлекет қаржыландыруды доғарып, жекешелендіру жоспарланып отыр. Бұл туралы үкімет басшысы Ольжас Бектенов мәлімдеді, деп хабарлады qandastar.kz.
Оның айтуынша, бірнеше ірі кәсіпкерлер мен компаниялар клубтарды сатып алуға қызығушылық танытқан. Сергей Канның Central Asia Fuel and Energy Company – «Қызыл-Жар», Тимур Турловтың Freedom Finance – «Шахтер», Михаил Ломтадзенің Kaspi Group – «Жеңіс», ал Ислам Қозыбақовтың TAU GROUP LTD – «Қайсар» клубын иеленуге ниетті.
Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіби футбол клубтарын мемлекет есебінен қаржыландыруды тоқтатуды тапсырған еді.
Қазір ел бюджетінде футболға 34,9 млрд теңге бөлінген, оның 31,8 млрд-ы кәсіби клубтарға, ал балалар және бұқаралық спортқа небәрі 3,1 млрд теңге бағытталған.
2026 жылдан бастап жаңа ереже енгізіледі: легионерлерді мемлекеттік қаражатпен ұстауға тыйым салынып, әкімдіктер бір клубқа жылына 500 АЕК-тен артық қаржы бөле алмайды. Ал балалар мен жасөспірімдер бапкерлерінің жалақысы 30 пайызға өседі.