Денсаулық

Ғалымдар Қазақстанда қатерлі ісікті емдейтін, сирек кездесетін шөп өсетінін айтты

Фото: ortalyq.kz

Шымкенттік ғалымдар бірнеше жыл зерттеу жүргізіп, сирек кездесетін дәрілік өсімдік түрлерін тапты. Мамандар Бәйдібек ауданындағы Қостұра тауының баурайындағы шөптердің қатерлі ісік жасушыларын жоятынын айтады. Енді табиғат зерттеушілері өсімдіктерді фармокологияға енгізуді ұсынып отыр, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Тәттібек Жарқынбековтің емдік шөптерді зерттеп келе жатқанына 40 жылдан асты. Ол өсімдіктердің көптеген ауруға, соның ішінде қатерлі ісікке қарсы тұра алатынына сенімді. Ғалым басқа да сарапшылармен бірігіп сайын даладағы дәрілік шөптердің ерекше емдік қасиетін анықтады.

«Мысалы, Бәйдібек ауданында дермене өседі, ол дүниежүзінде өспейді. Мынау өсімдіктер де сондай, біздің Қостұрада өседі. Неге десеңіз, бұл жердің климаты басқаша. Ауа айналып өткен сайын шөптің қызуы күшейіп, оның тамырында, сабағында өте күшті минералды заттар пайда болады. Сол заттардан дәрі жинап, онкологиялық ауруларға, басқа ауруларға беріп жатамыз», – деді ғалым.

Бәйдібек ауданындағы Қостұра тауының баурайындағы табиғат пен құнарлы топырақ ерекше қасиеті бар өсімдіктердің өмір сүруіне әбден қолайлы. Мұны зерттеу нәтижелері дәлелдеп отыр. Ал дәрілік шөп Оңтүстік Қазақстан университетінің зерханасында сынамадан өткен екен.

«Біз бұл шөптерді сорғыш спектрометрде зерттедік. Нәтижесінде әртүрлі құрамдағы органикалық емес заттардың 10-нан аса  элементін анықтадық. Зертхана «Ұлттық аккредитациялау орталығы» жүйесі бойынша аккредитациялаудан өткен. «Айлақ МП» белгісін пайдалануға мүмкіндігі бар. Яғни, біздің зерттеу қорытындысын әлемдегі 60-тан аса мемлекет мойындайды», – деді сынақ зертханасының меңгерушісі Жаһангір Хусанов.

Зерттеу нәтижелері әртүрлі елдегі әріптестердің де қызығушылығын тудырып отыр. Олар тіпті бұл шөптерді фармокологияға енгізуді ұсынып отыр. Сондай ақ, мамандар емдік өсімдіктер өсетін аумақ қорғалуы қажет екенін айтады.

Ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстанда 400-ге жуық сирек кездесетін өсімдік түрі бар. Оның 38-і жоғалып кетудің нақ алдында тұр.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close