Жаңалықтар

Рудныйлық оқушы Гарвард университетінен шақырту алды

Рудный қаласының Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ЖББМ түлегі Аяжан Жадигерова әлемдегі ең үздік жоғарғы оқу орындарының бірінен шақырту алды. Бұл жетістікке жету үшін ол қажырлы еңбек етіп, тілдік сынақтан жоғары балл жинады.

Рудныйлық оқушы Аяжан Жадигерова екі жыл бойы үздіксіз дайындалды. Ол шетелде білім алуға бұрыннан армандап келген. Арман жай ғана тәтті қиял болып қалмасын деп оқушы қыз өмір дағдысын өзгертті. Алдымен Астана мен Алматы қаласындағы шет тілінен білікті ұстаздарды іздеп, тілді меңгеруге асығады. Үздіксіз дайындықтың арқасында SAT, IELTS, TOEFL тестін тапсырып, жоғары ұпай жинады. Жауабы тек сәуір айында белгілі болды.

– Дайындалып жүргенімді жария етпедім. Әрине, уайым болды. Туған-туыстарыма тек нәтижесін көрсетемін деп шештім. Жауабы келген сәтте ата-анамның және менің қуанышымда шек болмады. Ол кісілер үшін бұл күтпеген жаңалық болды. Тестке келетін болсақ, қиыншылық болды деп айта алмаймын. Оқу бағдарламасы басқа болса да, еңбектенсең — жақсы нәтиже көрсетесің. Бастысы, уақытты тиімді пайдалану керек. Сондай-ақ, логикалық тұрғыдан ойлануды қажет етеді. Одан бөлек – өзін жайлы ынталандыру хатын толтыру және мінездеме жаздырту керек. Ол жерде өзімнің өмірім мен қызығушылықтарым жайлы баяндап беру керек, – дейді талапкер.

Бүгінде Аяжан АҚШ еліне виза әзірлеп, дайындық үстінде. Ол елде 4 жыл білім алады. Жас рудныйлық оқуды сәтті аяқтаған соң атамекеніне оралып, медиа-маркетинг саласына өз үлесін қосуды жоспарлап отыр.

Автор: Сәния Сақтаған

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close