Жаңалықтар

Gorilla Қазақстаннан кетуі мүмкін: жаңа салық өндірісті тоқтатуға әкеле ме?

Жастар мен автокөлік жүргізушілері арасында кеңінен танымал Gorilla энергетикалық сусыны Қазақстандағы өндірісін тоқтатуы мүмкін, деп жазады qandastar.kz сайты Dalanews.kz-ке сілтеме жасап.

Gorilla – ТМД кеңістігіндегі ірі сусын өндірушілердің бірі. Компания жыл сайын 60 миллион литрден астам өнімді шетел нарығына экспорттап, жуырда «Жылдың үздік экспорттаушысы» атағына ие болған. Алайда, 2026 жылдан бастап күшіне енетін Салық кодексінің жаңа талаптары кәсіпорынның Қазақстандағы жұмысын жалғастыруына қауіп төндіріп отыр.

Құжатқа сәйкес энергетикалық сусындар акцизделетін өнімдер қатарына енгізіледі. Сонымен бірге экспортқа шығарылатын өнімге қатысты жеңілдік қарастырылмаған. Әсіресе, тапсырыс берушінің шикізатынан өндірілетін өнімдерге акцизден босату нормасының жоқтығы алаңдаушылық тудырып отыр. Сарапшылар мұны экономикалық салдары бар техникалық олқылық ретінде бағалауда.

Осы жағдайға байланысты компания өндірісті Өзбекстан аумағына көшіру мүмкіндігін қарастыруы мүмкін деген ақпарат тарады.

Ел экономикасына ықтимал әсері

Егер Gorilla Қазақстаннан кететін болса, жылына 60 миллион литрлік экспорт көлемі қысқарып, елге келетін шамамен 100 миллион доллар шетел валютасының түсімі азаюы мүмкін. Сонымен қатар салада еңбек етіп жүрген 4 мыңға жуық азамат жұмыссыз қалу қаупіне тап болады. Бюджетке түсетін салық көлемі де 5–6 миллиард теңгеге дейін төмендеуі ықтимал.

Жалпы ахуал

Кейбір деректерге сүйенсек, осыған ұқсас себептермен өзге де ірі өндірушілер Қазақстаннан кету мәселесін қарастырып жатыр. Бұл өз кезегінде Өзбекстанның Орталық Азияда кәсіпкерлікке қолайлы орта қалыптастырып отырғанын аңғартады.

Сарапшылар мәселе уақтылы шешілмесе, Қазақстан инвестициядан, жұмыс орындарынан және салық түсімдерінен айырылып, аймақтағы экономикалық басымдық позициясын әлсіретуі мүмкін екенін ескертеді.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button