Әлем жаңалықтарыЖаңалықтарСараптама

Гренландия Қырымның кебін кие ме?

Гренландияның болашағы халықаралық саясаттағы жаңа даулы тақырыптардың біріне айналып отыр. Сырттай қарағанда, Қырым түбегі мен Гренландия аралының мәртебесінде ұқсастық бар. Бұл туралы журналист Нұрмұхамед Байғараев Telegram-арнасында жазды, деп хабарлайды Qandastar.kz порталы. 

Оның айтуынша, Ресей кезінде Қырымдағы Севастопольді жалға пайдаланып, кейін әскери флотын сылтауратып түбекті аннексиялады. Ал Гренландия аумағында бұрын АҚШ-тың үш әскери базасы болған. Қазір олардың барлығы жабылып, тек Питуфик ғарыш базасы қалған. Онда шамамен 150 америкалық сарбаз қызмет етеді.

Журналистің пайымдауынша, ендігі басты сұрақ — АҚШ-тың  президенті Дональд Трамп Гренландияны сатып алып, кейін толық бақылауына алу сценарийін іске асыра ма деген мәселе.

«Трамптың Гренландияға деген ниеті күшейген тұста Еуропаның алты мемлекеті аралға символикалық түрде әскери контингент жіберді. Алайда олардың саны өте аз. Франция — 15, Германия — 13, Норвегия — 2, Ұлыбритания — 1 сарбаз жіберген. Мұндай аз күшпен 57 мың халқы бар аралды АҚШ секілді державадан қорғау мүмкін бе деген сұрақ туындайды», — дейді Нұрмұхамед Байғараев.

Ол сондай-ақ АҚШ-тың 1916 жылы-ақ Гренландияның Данияға тиесілі екенін ресми түрде мойындағанын еске салды. Аталған келісімге сол кездегі АҚШ мемлекеттік хатшысы Роберт Лансинг қол қойған. Алайда арада 110 жыл өткен соң бұл құжат ескерусіз қалып отырғандай.

Бұдан бөлек, АҚШ Конгресінің мүшесі Ренди Файн Гренландияны аннексиялап, оны АҚШ-тың жеке штаты ету туралы заң жобасын ұсынған. Бұл жағдай ХХІ ғасырда ірі державалардың бұрын жасалған халықаралық келісімдерді жоққа шығарып, жаңа отаршылдық саясатқа бет бұрып жатқанын аңғартады.

Журналистің айтуынша, бұл үрдіс өзге де қуатты елдердің әлсіз көршілеріне қысым көрсетуіне жол ашуы мүмкін.

«Қазір сұрақ көп. Еуроодақ Данияны қорғай ма? НАТО өз мүшесі Данияны басқа бір мүшесі — АҚШ-тан қорғай ала ма? БҰҰ тағы да үнсіз қала ма? Трамп мақсатына соғыс арқылы жете ме, әлде келіссөзбен сатып ала ма, белгісіз», — дейді ол.

Айта кетейік, АҚШ 1 ақпаннан бастап Гренландияға әскер жіберген алты еуропалық елге кедендік тарифті 10 пайызға көтерген. Осыдан кейін Германия өз әскерінің 13 сарбазын кері қайтарып алды.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button