Гренландия мен Данияда мыңдаған адам Трамптың Гренландияны “басып алу” мүмкіндігі туралы мәлімдемелеріне қарсы наразылық акцияларына шықты. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Акциялар Гренландия астанасы Нуук және Данияның бірнеше қаласында, соның ішінде Копенгагенде де өтті. Наразылық шараларын гренландиялық және дат қоғамдық ұйымдары ұйымдастырды. Inuit бірлестігінің жетекшісі Камилла Сизингтің айтуынша, акцияға қатысушылар Дат корольдігіне құрмет көрсетуді және Гренландияның өзін-өзі анықтау құқығын талап ететінін айтты.
Наразылық акцияларының басталуына Дональд Трамптың бұған дейінгі мәлімдемелері себеп болды. Ол Гренландияны АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі үшін аса маңызды аумақ деп атап, тіпті қажет болған жағдайда күш қолданатынын мәлімдеді. Оған қоса, 17 қаңтарда Трамп өз жоспарына қарсы шыққан Еуропа елдеріне экономикалық қысым көрсететінін айтып, сауда шектеулерін енгізетінін жеткізді.
Гренландиялық саясаткер Эрик Йенсеннің сөзінше, бұл жағдайда ең бастысы бірлік сақтау қажет.
“Гренландияның сатылмайтынын және АҚШ құрамына кіруді қаламайтынын бүкіл әлемге анық көрсету қажет”, – деді Йенсен.
Ал Гренландия астанасы Нуук қаласында өткен шеруге елдің премьер-министрі Йенс-Фредерик Нильсен де қатысты. Наразылыққа шыққандар АҚШ елшілігіне қарай жүріп өтті. Сондай-ақ “Гренландия сатылмайды” және “Болашағымызды өзіміз шешеміз” деген ұрандар айтты. Шеруге қатысушылардың бірі Алан Амструп адамдардың болашағына алаңдап отырғанын және өз елінде тыныш өмір сүргісі келетінін айтты.
Сауалнамаларға сәйкес, Гренландия халқының шамамен 85%-ы АҚШ құрамына қосылуға қарсы.



