Мәжілісте күтпеген бастама көтерілді – бір топ депутат банктер мен жекеменшік компанияларға атауларында «халық» сөзін қолдануға тыйым салуды ұсынды, деп хабарлады qandastar.kz.
Олардың пікірінше, бұл ұғым – Конституцияда биліктің қайнар көзі ретінде бекітілген қасиетті сөз. Сондықтан оны коммерциялық құрылымдар жарнамалық мақсатта пайдалану дұрыс емес.
Бастаманы ұсынған депутат Марат Бәшімов мұндай атаулар қоғамды шатастырып, жекеменшік компаниялардың «қоғам мүддесін қорғаушы» кейіп танытуына жол ашып отырғанын айтты.
«Бұл – әділ бәсекеге де, азаматтардың сеніміне де нұқсан келтіреді», – дейді ол.
Алайда саясаттанушылар мен экономистер бұл ұсыныспен келіспей отыр. Сарапшы Ғазиз Әбішевтің пікірінше, Halyk Bank – ондаған жылдар бойы қалыптасқан бренд, оны ешкім мемлекеттік банк деп шатастырмайды.
«Бизнеске жасанды шектеу қою инвестициялық климатқа зиян тигізеді. Бұл мәселе эмоциямен емес, кәсіби деңгейде қаралуы тиіс», – дейді ол.
Саясаттанушы Данияр Әшімбаев та депутаттардың әрекетін популизм деп бағалады.
«Егер логика осылай болса, ертең Kaspi атауын да өзгертеміз бе? Өйткені біреу оны Каспий теңізімен шатастырып қалуы мүмкін. Мұның бәрі экономикалық қиындықтардан қоғам назарын басқа арнаға бұруға ұқсайды», – дейді ол.
Айта кетейік, депутат Марат Бәшімов бұл тақырыпты бұған дейін де көтерген болатын. Ол Тимур Құлыбаев басқаратын Halyk Bank атауы «азаматтық заң нормасын бұзып, тұтынушыларды шатастырып отыр» деп мәлімдеген еді.
