Жаңалықтар
«Халық мені бекер қарғап сілейді». Атышулы Хасан Қасымбаев сотқа арыз түсірді
Фото: DALA INSIDE
Қоғамда кеңінен талқыланып жатқан Шерзат ісі тың мәліметтермен толығуда.
DALA INSIDE (https://t.me/dalainside)-қа мәлім болғандай, осы істе есім-сойы жиі ұшырасқан Хасан Қасымбаев өзінің ар-намысы мен абыройын қорғау мақсатында марқұм баланың әкесіне және тағы басқа тұлғаларға қарсы арыз дайындап, Талғар аудандық сотына тапсырған, – деп жазады qandastar.kz
Хасанның айтуынша, оның атына тағылған айыптар мен қоғамдағы әңгімелер шындыққа жанаспайды. Ол қарапайым тұрмыстық төбелесті ұйымдасқан қылмыстық топтардың арасындағы қақтығыс ретінде көрсетуге тырысып жатыр деген пікірде.
Касымбаевтың пікірінше, оны атышулы қылмыстық топпен байланыстыру негізсіз. Әлгі арызда ол ешқашан кісі өлтіруге қатысты жастарды көрмегенін, білмегенін және олардың әрекеттеріне ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеген.
Хасан кез-келген қоғамдық алаңда, тіпті БАҚ арқылы өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге дайын екенін баса айтқан. Оның ойынша, бұл оқиға қарапайым тұрмыстық жанжал болған, бірақ оны әдейі бұрмалап, үлкен қылмыстық астар қосып, оның атына кір келтірмекші.
Бұған дейін БАҚ беттері мен әлемжеліде марқұм Шерзат пен оның отбасына шабуыл жасаған бір топ бұзақының «Хутор» атты жергілікті бандымен байланысы бар деген ақпар тараған еді. Бірнеше дереккөз топтың төбе басында Хасан есімді азаматтың тұрғанын жазған болатын.
Алматы облыстық полиция департаменті Шерзаттың өліміне күдікті ретінде ұсталған жеті адамның ұйымдасқан қылмыстық еш қатысы жоғын жеткізген.
DALA INSIDE (https://t.me/dalainside)-қа белгілі болғандай, қылмыстық топ 2015-2016 жылдары белсенді болған, оның жетекшісі Ержан Қасымбаев адам өлтіргені үшін 15 жылға сотталған, қазір абақтыда отыр.
Қасымбаевтар үш ағайынды. Ақорда маңындағы күбір-сыбырға жақын жүретін инсайдерлердің айтуынша Шерзаттың оқиғасында есім-сойы жиі ұшырасқан атышулы Хасан қазір Алматыда тұрады, оның ағасы Асылан Талғар қаласы әкімінің аппарат жетекшісі.