1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің құрбаны Ләззат Асанованың анасы Алтынай Асанова сол жылдардан кейін ауыр тағдыр кешкенін айтып берді. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат агенттігі Instagram желісіндегі elordamedia.kz парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Желтоқсан оқиғасына дейін Алтынай Асанова мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек еткен. Алайда 1986 жылғы қасіретті оқиғалардан кейін оған «халық жауының анасы» деген негізсіз айып тағылып, жұмысынан айырылған.
Анасының айтуынша, Ләззат Асанованың мәйіті елге жеткізілгеннен кейін де бір-екі жыл бойы мүлде еңбек ете алмаған. Қайғының салдарынан ұзақ уақыт бойы есін жия алмай, ауыр психологиялық күй кешкенін жеткізді.
Тек арада уақыт өткен соң ғана Алтынай Асанова кітапхана саласында жұмыс істеуге мүмкіндік алған. Кейінгі жылдары оның бүкіл өмірі мен күнкөрісі осы саладағы еңбегімен тығыз байланысты болған.
«Ләззатты жерлегенше, ел аузымды аңдыды», – деп еске алды ол сол бір ауыр кезеңді.
Алтынай Асанованың айтуынша, Желтоқсан оқиғасынан кейінгі жылдарда өзі ғана емес, бүкіл отбасы қоғамның қысымын сезініп, түрлі қиындықтарға тап болған.
