
Әлеуметтік желілерде атыраулық блогер Нұрлан Жұнасовтың денсаулық сақтау министріне қарата «ортаншы саусағын» көрсеткен видеосы кең таралып жатыр. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат агенттігі Instagram желісіндегі Atyrau OIL парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Блогер роликте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін және емдеу ақысына қатысты жаңа талаптарды қатты сынға алған.
Оның айтуынша, сақтандыру полисі жоқ азаматтар ем мен дәрі-дәрмекті өз қалтасынан төлеуге мәжбүр, бұл созылмалы аурулары бар адамдар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін әділетсіз.
— Ауырсаң да, жүрегің ауырса да, ДЦП болсын сақтандыру жоқ болса, қымбат емді де, дәріні де өзің төлейсің. Онда бәріне бірден мүгедектік беріңіздер. Адамдар жылдар бойы дәлелдеп, кабинеттерді аралап жүреді. Халықтың ақшасына жалақы аласыздар да, халыққа қарсы заң шығарасыздар, — деді ол.
Жұнасовтың айтуынша, мемлекет азаматтарды сақтандыру төлемі жоқ деп көмексіз қалдырмай, қолжетімді медициналық қолдау көрсетуі тиіс.
Видео әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Бір бөлігі блогерді қолдаса, енді бірі оның әрекетін арандатушылық деп бағалады. Денсаулық сақтау министрлігінен әзірге ресми пікір берілген жоқ.



