Жаңалықтар
«Хан Шатыр» ұлттық киіммен байланысты кикілжің үшін кешірім сұрады
Фото:kazpravda.kz
Әлеуметтік желіде Астанадағы «Хан Шатырға» қазақтың ұлттық киімімен кіруге болмайтыны туралы блогердің бейнежазбасы тараған еді. Ойын-сауық орталығы бұл мәселеге қатысты ресми жауап берді, деп хабарлайды qandastar.kz
jasqazaq.kz жазғандай, орталықтың ресми жауабында: «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығы ешқашан және еш уақытта қазақтың ұлттық киімін киюге қарсы болған емес, себебі бұл – біздің ұлттық құндылығымыз. Керісінше, алғашқы күннен бастап бүгінге дейін біз мемлекеттік ұйымдармен тығыз ынтымақтастық орнатып, ұлттық мұрамызды, дәстүрлерімізді және өнерімізді насихаттауға бағытталған іс-шараларға белсенді көрсетіп келеміз.
Өкінішке қарай, сауда орталығына келуші мен күзет фирма қызметкері арасында түсінбестік пен жағымсыз оқиға болды. Осы жағдайға байланысты біз осы оқиғаға тап болған келушімен кездесіп, мән-жайды толық түсіндіріп, ресми түрде кешірім сұрадық. «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығының атынан осы оқиға салдарынан көңіліне қаяу түскен Қазақстан Республикасы азаматтарынан шын жүректен кешірім сұраймыз. Түсіністік танытқандарыңыз үшін алғысымызды білдіреміз және осындай келеңсіздіктер қайталанбайды деп үміттенеміз, — делінген.