Жаңалықтар

«Хочу жить» жобасы: 270 қазақстандық Ресейдің әскери әрекеттерінде қаза тапты

Қазақстандықтар арасынан Ресей-Украина соғысына қатысып, қаза тапқандар мен із-түзсіз жоғалғандардың саны туралы украиналық «Хочу жить» жобасы жаңа мәліметтер жариялады. Жобаның мәліметіне сәйкес, кем дегенде 270 қазақстандық Ресейдің әскери әрекеттерінде қаза тауып немесе жоғалып кеткен. Бұл көрсеткіш толық емес болуы мүмкін, өйткені нақты жағдай әлдеқайда ауыр, деп жазды qandastar.kz

Жобаның хабарламасында ең жас құрбан – 2005 жылы туған Андрей Богомолов, ол қаза тапқанда небәрі 19 жаста болған. Ал ең үлкені – 64 жастағы жалдамалы сарбаз Александр Ялфимов, ол 254-мотоатқыштар полкінің құрамында болған.

Бұл – соңғы алты айда жарияланған үшінші тізім. Бұған дейін «Хочу жить» жобасы мұндай мәліметтерді сәуірдің басында және шілденің соңында жариялаған еді.

Ресей билігі 2023 жылдың бірінші тоқсанынан бастап шетелдік, соның ішінде Қазақстан азаматтарын жалдамалы сарбаз ретінде соғысқа тартуда. Бұған Ресей армиясының алғашқы жылдардағы үлкен адам шығыны себеп болған. Мобилизация шаралары да қажеттілікті толтыра алмай, сондықтан шетелдік азаматтарды әскерге шақыру түрлі әдістермен жүзеге асырылуда: жалған уәде беру, алдау және қорқыту.

Қазақстан тарапынан бұл жағдайға қатысты әрекеттер бар. Елшілер Украинадағы әскери тұтқындар мәселесін үйлестіру штабының өкілдерімен талқылап, жалдамалыларға қатысты тергеу жүргізілетінін хабарлаған.

Қазақстан заңнамасы бойынша шетелдегі қарулы қақтығысқа қатысқандарға қылмыстық жаза қарастырылған. Мысалы, 172-бап бойынша өз еркімен қарулы қақтығысқа қатысқандар 5-тен 9 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Ал жалдамалылық (170-бап) бойынша жаза одан да ауыр — 7 жылдан өмір бойына дейін сотталуы мүмкін, сонымен қатар азаматтықтан айырылу және мүлік тәркілеу мүмкіндігі де қарастырылған.

«Хочу жить» жобасы бұл мәселені бірнеше мәрте көтеріп, қазақстандықтардың соғысқа тартылуы мен оның салдарын жариялап келеді. Қазақстанның Украинадағы уақытша сенімді өкілі мен консулы Киевте әскери тұтқындар мәселесі бойынша үйлестіру штабы өкілдерімен кездесіп, жағдайды бақылауда ұстап отыр.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button