Әнші Алсу мен башқұрттың этно-поп бағытындағы Ay Yola тобы тыңдарман назарына бірлескен жаңа музыкалық жұмысын ұсынды. Тыңдармандардың ықыласына бөленген бұл туынды топтың «Homay» хитінен кейінгі кезекті маңызды қадамы ретінде бағаланып отыр, деп жазды qandastar.kz порталы.
Музыканттар «Ay, bylbylym» әніне түсірілген жаңа бейнебаянның тұсаукесері жайлы өздерінің YouTube-арнасында хабарлады. Олар тыңдармандарды Алсумен шығармашылық тандем нәтижесін бағалауға шақырды.
Өнер иелері әрбір клиптің жай ғана бейнежазба емес, өзіндік тарихы, символикасы және терең мағынасы бар шағын фильм екенін атап өтті. Топ мүшелерінің айтуынша, олар көрермендердің пікірлерін мұқият оқып, байқаған тұстарына қызығушылықпен қарайды және пікірталасқа әрдайым ашық.
Сондай-ақ музыканттар көрермендердің ойлы көзқарасы клипте жасырылған идеяларды ашуға көмектесетінін айтып, жанкүйерлерін «Ay, bylbylym» жаңа жұмысы туралы әсерлері мен эмоцияларымен бөлісуге шақырды.



