Жаңалықтар

«Хуторлық банда»: Хасан Қасымбаевтың ағасы қызметінен неге кеткенін айтты

Фото: gov.kz

Алматы облысы Талғар аудандық сотында Хасан Қасымбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі жалғасуда. Айыпталушының қоғамдық қорғаушысы ретінде танылған туған ағасы Аслан Қасымбаев істің мән-жайына қатысты өз пікірін білдірді, деп жазды qandastar.kz

Аслан Қасымбаев осыдан бір жыл бұрын Талғардағы резонансты оқиғадан кейін Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы қызметінен өз еркімен кеткенін айтты.

«Мені ешкім жұмыстан шығарған жоқ. Өз еркіммен арыз жазып кеттім. Қызметке келгенде барлық тексерулерден өткенмін», – деді ол.

 Оның айтуынша, тергеу барысында бірқатар заңбұзушылықтар орын алған.

«Мен заңгер емеспін, бірақ адвокаттардан кеңес алып жүрмін. Хасанды қамау алдында үкімнің күшін жою қажет еді. Қамауға алынғаннан кейін екі ай бойы ешқандай тергеу жүргізілмеді. Сонымен қатар Хасанға қарсы куәлік алу үшін басқа айыпталушыларға қысым көрсетілген. Оларды ұрып-соғып, жалған айғақ беруге мәжбүрлеген. Жәбірленуші Тәжиевке де қысым көрсетілгені белгілі», – деді Аслан Қасымбаев.

Ол сондай-ақ інісінің бұрын сотталмағанын, қоғамда тараған «қылмыстық топ құрды» деген пікірлермен келіспейтінін айтты.

«Інім 40 жастан асты, отбасы бар, ақыл тоқтатқан азамат. Егер расымен бандит болса, бұған дейін де істі болатын еді. Ал жәбірленушінің үстінен бірнеше рет іс қозғалған. Азаматтық некедегі әйелін ұрып-соққан, жастарға есірткі таратқан деген деректер бар», – деп мәлімдеді ол.

Сондай-ақ қоғамда «Хуторлық банда» туралы тараған қауесетке де жауап берді.

«Иә, бұл аудан кезінде «Хутор» аталып кеткен. Бірақ ешқандай ұйымдасқан қылмыстық топ болған жоқ. Мұны құзырлы органдар да ресми түрде растады», – деді Аслан Қасымбаев.

Еске сала кетейік, 2024 жылдың 2 қарашасында Хасан Қасымбаев уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын. Ол 2021 жылы аралас жекпе-жек жаттықтырушысы Арман Әлімовке қасақана ауыр дене жарақатын салды және ұрлық жасады деген күдікке ілінген.

Іс бойынша Қасымбаевпен бірге тағы бес азаматқа айып тағылған: Руслан Әлиев, Мадияр Қалымжанов, Сайлау Ақтанов, Нұрмұхаммет Сұлтанбеков және Данияр Асқаров.

Back to top button