
Фото: Видеодан скрин
«Хуторлықтар» деп аталып кеткен қылмыстық топ жетекшісі ретінде танылған Хасан Қасымбаевтың соты болып жатыр, деп хабарлады qandastar.kz.
Бүгінгі сот процесі сотталушылардың сот залына уақытылы жеткізілмеуіне байланысты сағат 10.00-де емес, түстен кейін 14.30-да басталды. Сот отырысына Хасан Қасымбаев, Руслан Әлиев, Данияр Асқаров жеткізілді.
Естеріңізге сала кетсек, Хасан Қасымбаев және басқа да тұлғаларға қатысты «адам ұрлау», «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» және «бопсалау» айыптары бойынша қылмыстық іс қаралып жатыр.
Өткен сот отырыстарына келмей қалған жәбірленуші Аюпжан Тәжиев осы жолы сот отырысына қатысты. Алайда ол сотта айыпталушылардың қатысуынсыз жауап беретінін айтып, Судья оның өтінішін қанағаттандырды. Сотталушылардың адвокаты бұл жағдайды қорғауындағы азаматтардың құқықтарын шектейтінін алға тартып отыр.
Айта кету керек, Хасан Қасымбаев 2024 жылдың 2 қарашасында ұстау изоляторына қамалды. Ол ММА жауынгері Арман Әлімовті ұрлап, денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін ұсталған. Қасымбаевтан бөлек Нұрмұхамет Сұлтанбеков, Мадияр Қалымжанов, Данияр Асқаров, Сайлау Ақтанов есімді азаматтардың да бұл қылмысқа қатысы бары анықталды.