Әлеумет және қоғам

III топтағы мүгедектігі бар қызметкерді қосымша жұмысқа тартуға болмайды – министрлік түсіндірмесі

Еңбек заңнамасына сәйкес, жұмыс беруші III топтағы мүгедектігі бар қызметкерді қосымша жұмысқа тартуға құқылы емес. Министрлік бұл талаптың міндетті екенін және қызметкердің келісімі де тыйымды жоя алмайтынын түсіндірді.

Қазақстанның еңбек заңнамасына сәйкес, жұмыс беруші III топтағы мүгедектігі бар қызметкерді қосымша (сверхурочный) жұмысқа тартуға құқылы емес. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің түсіндірмесіне сілтеме жасап хабарлады.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, ҚР Еңбек кодексінің 77-бабы 3-тармағының 3) тармақшасына сәйкес, мүгедектігі бар адамдарды қосымша жұмысқа тартуға тыйым салынған. Бұл талап императивтік сипатқа ие және қызметкердің келісімі немесе мүгедектік тобына қарамастан міндетті түрде сақталуы тиіс.

III топтағы мүгедектігі бар адамның медициналық қорытындысы немесе оның қосымша жұмысқа жазбаша келісімі заңда көзделген тыйымды жоя алмайды. Сонымен қатар ведомство өкілдері лауазымды тұлғаның сұхбат барысында айтқан түсіндірмесі нормативтік құқықтық акт болып саналмайтынын және еңбек заңнамасын өзгерте алмайтынын атап өтті.

Бұған дейін Еңбек министрлігінің Медико-әлеуметтік сараптама әдістемесі және жетілдіру департаментінің бас сарапшысы Римма Касымова бір газетке берген сұхбатында: «III топтағы мүгедектігі бар адамдарды қосымша немесе түнгі жұмысқа тек жазбаша келісімі болған жағдайда және денсаулығына қарсы болмаса ғана тартуға болады» – деген болатын.

Осылайша, III топтағы мүгедектігі бар қызметкерді қосымша жұмысқа тарту қолданыстағы еңбек заңнамасына қайшы келеді.

Айта кетейік, бұған дейін екі түрлі жерде жарты ставкамен жұмыс істеу тәртібі туралы да түсіндірме берілген болатын.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button