Жаңалықтар
ІІМ уақытша ұстау изоляторындағы видеоға пікір білдірді

Ведомствоның мәліметінше, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданыны уақытша ұстау изоляторындағы жағдай бойынша тексеру жүргізілді.
«Видеоны уақытша ұстау изоляторының бұрынғы қызметкері қызмет мүдделеріне қайшы әрекет жасап, жүргізгені анықталды. Ол бұл үшін жеке ұялы телефонын пайдаланған. Қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін ол арнайы шенінен айырылып, теріс себептермен жұмыстан қуылды», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды.
Қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны және тиісінше бақылау жүргізбегені үшін 16 басшы мен қызметкер лауазымнан босатылды. Оның ішінде уақытша ұстау изоляторының басшысы да қызметінен қуылды.
«ІІМ мұндай бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік танытып, қатаң тосқауыл қояды. Олар бүкіл құқық қорғау жүйесінің беделіне нұқсан келтіріп, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, күнделікті өз міндеттерін адал орындайтын қызметкерлердің атына дақ түсіреді».Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі
Министрліктің мәліметінше, болған жағдайға байланысты уақытша ұстау изоляторында бақылау күшейтілді: қосымша бейнемониторинг шаралары енгізіліп, ұқсас мекемелерде жоспардан тыс тексерулер басталды.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде Шерзат Полатты өлтірді деген күдіктілердің бірінің уақытша ұстау изоляторындағы видеосы тараған еді.
Онда олар туған күн тойлап, «Алиса» арқылы Қайрат Нұртастың «Туған күн» әніне «тапсырыс» беріп, тіпті торттағы шамды да үрлейді.
Желі қолданушылары ауыр қылмыс жасады деп айыпталғандардың уақытша ұстау изоляторында бұлай өмір сүріп жатқанына наразы болды.
Алматы облысының полициясы Zakon.kz тілшісіне қызметтік тексеріс басталғанын хабарлады.
«Уақытша ұстау изоляторында ұсталғандардың бірінің туған күнін тойлап жатқаны түсірілген видеоға қатысты жан-жақты тергеу жүріп жатыр. Барлық кінәлілер, оның ішінде басшылық қатаң жауапкершілікке тартылады. Тергеу барысы ерекше бақылауда», – деп хабарлады ведомство сол кезде.