
Фото: ашық дереккөз
Алматы қаласындағы Алмалы аудандық сотында блогер Ілияс Сариев пен Ақтоты Дүйсееваға қатысты сот отырысы басталды, деп жазды qandastar.kz
Сотқа мүгедек балаларының ата-аналары да қатысып, блогермен қалай танысқандарын баяндады. Журналист Руслан Өтепбайдың тәуелсіз бағдарламасы бойынша, бұл іске қатысты 26 жәбірленуші бар.
Айман есімді жалғызбасты ана сот отырысында былай деді: “Менің екі балам бар, қызымның еміне ақша жинауға кірістім, бірақ қажетті сома жиналмады. Коллегаларым Ілияс Сариевке көмек сұрауды ұсынды. Оның жеке нөмірін алып, хабарластым. Ол видео арқылы мені көріп, қызымның жағдайын бақылап, көмек көрсетуге уәде берді. Кейін үйге келіп, бірнеше сағат бойы қасымызда болды. Маған емге қажетті ақшаны тез арада жинап беруге уәде етті, бірақ ол 8 наурыздан кейін ақша жинауды бастайтынын айтты. Айтқанын орындап, мен оған біртіндеп 750 мың теңге жібердім. Бірақ 8 наурыздан кейін ол менен байланысқа шықпады. 29 наурызда мен алданғанымды түсіндім, сөйлескен хаттар мен түбіртектерім бар».
Онлайн қатысқан басқа жәбірленушілер де блогерге сенгендерін жасырмады. Бір көпбалалы ана: “Қызымның еміне ақша керек болғанда, 6 қаңтар күні Ілиястың жеке парақшасындағы нөмірге хабарластым. Ол маған өзінің жағдайы қиын екенін айтты, бірақ «видео түсіретін жігіттерді жалдадым, ақша берсеңіз, қажетті соманы жинап беремін» деген уәде берді. Бір айда жинайтынын айтты, мен сеніп, ақша жібердім. Егер Сариев ақшамды қайтаратын болса, кешірім жасаймын. Ақтоты Дүйсеевамен таныс емеспін», — деді.
Соттың келесі отырысы 25 қыркүйекте өтеді. Ілияс Сариевтің адвокаты Эльнура Кішкенебаева да пікір білдірді: “Мен бұл істі тек тергеудің ортасында қолға алдым. Бұған дейін басқа адвокатпен жұмыс істелген. Бұл жерде айта кететін жайт, келісімнің нақты уақыты мен ақшаны жинау мерзімі көрсетілмеген. Жәбірленушілер тек шығындарын қайтарса, кешірім жасайтындарын айтқан. Бірақ Сариевтің тарапынан зақым келтіретін іс-әрекет болған жоқ, бар болғаны видеоларды жариялап, тек бір ай кешіктірген”, — деді адвокат.



