Ішкі істер министрлігі Атырау облысында екі адамды өлтіру ісі бойынша халықаралық іздеуде жүрген күдіктінің Индонезия аумағында қолға түскенін мәлімдеді, деп хабарлайды QANDASTAR.
29 жастағы Сұлтан Сәрсемалиев қазақстандық және шетелдік құқық қорғау органдарының бірлескен операциясы нәтижесінде Ломбок аралындағы Сенару елді мекенінде ұсталған. Оның жанынан бұған дейін хабар-ошарсыз кеткен деп іздеуге жарияланған бұрынғы жұбайы да анықталған.
Жангелдин ауылында тұрған Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиева 2025 жылы белгісіз жағдайда жоғалып кеткен еді. Осы жылдың қаңтарында олардың мәйіттері табылып, тергеу барысында қылмысқа күйеубаласының қатысы болуы ықтимал екені белгілі болды. 8 қаңтарда оған халықаралық іздеу жарияланған.
Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті қылмысты 2025 жылдың қарашасында ұзаққа созылған отбасылық жанжал мен пайдакүнемдік мақсатта жоспарлаған. Ізін жасыру үшін ол мәйіттерді шаруашылық нысанының астына жасырған, қан іздерін тазалап, марқұмдардың қаражаты мен мүлкін иемденген.
Қазіргі уақытта ұсталғандарды Қазақстанға депортациялау мәселесі шешіліп жатыр. Күдіктіге Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі бойынша айып тағылған.



