Индонезияның Шығыс Нуса Тенгара провинциясында болған 7,7 балдық жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 47 адамға жетті. Табиғи апаттан кейін жүздеген афтершок тіркеліп, мыңдаған тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты news.detik.com порталына сілтеп хабарлады.
Елдің Ұлттық апаттарды басқару агенттігінің мәліметінше, негізгі жер сілкінісінен кейін 341 афтершок болған. Қаза тапқандардың басым бөлігі Манггарай және Шығыс Манггарай аудандарында тіркелген.
Жер сілкінісінен кейін болған көшкіндер бірқатар жолды жауып, байланыс жүйесіне зақым келтірген. Соның салдарынан құтқарушылар эпицентрге жақын орналасқан Нагекео ауданына бірден жете алмаған.
Алдын ала мәлімет бойынша, мыңнан астам ғимарат бүлінген. Олардың қатарында ондаған мектеп, медициналық және мемлекеттік мекемелер бар. Сонымен қатар 5 мыңнан астам адам эвакуацияланды.
Жер сілкінісінен кейін бірнеше өңірде биіктігі бір метрден аспайтын цунами толқындары байқалды. Алайда шамамен үш сағаттан кейін билік цунами қаупі туралы ескертуді алып тастады.



