
Соңғы жылдары әлеуметтік желі мен онлайн-алаңдарда өзін «коуч», «бизнес-тренер», «мотивациялық маман» ретінде таныстырып, жұртқа ақыл үйрететіндер күрт көбейді. Алайда, олардың көпшілігінің кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігі қоғамда жиі сұрақ тудырып келді. Енді бұл сала мемлекет тарапынан қатаң бақылауға алынбақ, деп жазады qandastar.kz сайты orda.kz-ке сілтеме жасап.
Қазақстан билігі коучтар мен бизнес-жаттықтырушылардың қызметін реттеуге бағытталған заңнамалық өзгерістер енгізді. Бұдан былай расталған кәсіби сертификаты жоқ тұлғалар коучинг қызметімен айналыса алмайды. Бұл талаптар халықты адастыратын ақпарат пен жосықсыз жарнаманың алдын алуға бағытталған.
Премьер-министрдің мәлімдеуінше, құжатсыз қызмет көрсету немесе жалған уәделермен жарнама жасау Қылмыстық кодекстің 190-бабы – «Алаяқтық» бойынша саралануы мүмкін. Яғни, «инфосығандық» енді тек моральдық емес, құқықтық жауапкершілікке де әкелуі ықтимал.
Түзетулерді әзірлеу барысында халықаралық тәжірибе ескерілген. Мәселен, АҚШ, Еуроодақ елдері, Жапония және Ресейде коучинг саласы кәсіби стандарттар мен міндетті сертификаттау арқылы реттеледі. Қазақстан да осы бағытты таңдады.
Халықаралық коучинг федерациясымен (ICF) бірлесіп «Коучинг қызметі (коуч)» атты кәсіби стандарт әзірленді. Қазіргі таңда құжат Ғылым және жоғары білім министрлігінде бекітілу сатысында тұр. Стандарт аясында коучингтің тек тоғыз бағыты ғана ресми түрде мойындалады: бизнес, мансап, лайф-коучинг, командалық және көшбасшылық коучинг, денсаулық пен сауықтыру, кәсіпкерлерге арналған коучинг, білім беру және спорттық даярлық.
Сертификатталған мамандардың бірыңғай тізілімі career.enbek.kz платформасында орналастырылады. Оқыту, сертификаттау және тізілімге енгізу жұмысын Халықаралық коучинг федерациясы жүргізеді.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Айдос Сарым әлеуметтік желілерде жалған «тәжірибелер» мен күмәнді әдістердің жаппай таралып жатқанын айтып, бұл салаға қатаң мониторинг қажет екенін мәлімдеген еді. Оның айтуынша, мұндай қызметтерге тек қарапайым азаматтар ғана емес, мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар да қаржы жұмсап келген.
Сарапшылардың пікірінше, жаңа талаптар қоғамды алдауға негізделген «мотивацияны ақшаға сататын» жалған мамандардың жолын кесіп, коучинг саласын кәсіби әрі жауапты бағытқа бұруы тиіс.



