
Қазақстанда тұрғын үй мәселесін шешу үшін коммерциялық ипотеканы кеңейту қажеттігі айтылды.
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов баспана саясатына қатысты бірқатар нақты тапсырма берді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Үкімет басшысы мемлекеттік бағдарламаларға түсетін жүктемені азайту үшін екінші деңгейлі банктер арқылы берілетін коммерциялық ипотеканы дамыту керектігін атап өтті.
Оның айтуынша, ипотекалық өнімдердің саны көбейіп, шарттары халыққа қолжетімді болуы тиіс.
Сондықтан Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне Ұлттық банкпен және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, ипотекалық құралдарды жетілдірудің жаңа тәсілдерін әзірлеу тапсырылды. Бұл бастама тұрғын үй алудың қосымша мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталмақ.
Премьер-министр әлеуметтік қолдау мәселесіне де ерекше тоқталды.
«Отбасы банк өз кезегінде, халықтың осал санаттарын қолдауға баса көңіл бөлуі қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сонымен қатар Үкімет құрылыс саласын реттейтін құжаттарды жаңарту мәселесін де көтерді.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне 1 шілдеге дейін Құрылыс кодексі аясындағы барлық нормативтік актілерді жаңартып, олардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды.
Сарапшылардың пікірінше, егер коммерциялық ипотека шынымен кеңейсе, бұл баспана алуды жоспарлап жүрген мыңдаған қазақстандыққа жаңа мүмкіндік беруі мүмкін.



