Иран билігі АҚШ-пен алапат соғыс болса да жеңілмейтінін айтып, құрлық әскерін елге кіргізсе де дайын екенін жариялады. Ал АҚШ президенті Дональд Трамп өз турне барысында Ираннан мұнай тегін келіп жатқанын айтып, жақын арада бейбіт келісім жасалатынын мәлімдеді, деп хабарлайды «Астана» арнасы.
Трамп сөзінде Ормуз бұғазы арқылы АҚШ-қа мұнай жеткізіліп жатқанын айтып, мұнайдың Иран тарапынан сыйға берілгенін алға тартты. Дегенмен АҚШ басылымдары президенттің сөздерін жоққа шығарып, бұл ақпаратты шындыққа жанаспайтынын атап өтті.
«Мен The Wall Street Journal мен басқа да фейк жаңалықтарды оқып отырмын, сондықтан шынайы ақпаратты жеткізгім келеді. Иран келісімге келейік деп қолқа салып жатыр, бірақ мен әлі ешқандай келісімге келмедім. Олар келісімді төрт апта бұрын жасауға тиіс еді. Ирандықтар ақымақ емес, келіссөздерді жақсы жүргізеді. Ал мен соғыс жоспарын нақты белгілеп, одан ауытқымаймын», — деді Трамп.
Иран тарапы болса, келіссөздер жүріп жатқаны туралы ақпаратты жоққа шығарды. БҰҰ-дағы Иран елшісі Али Бахрейни Ормуз бұғазы әлі жабық екенін, елдің барлық жағдайға дайын екенін айтты. Ол АҚШ әскерін елге кіргізсе де жеңіске жетпейтінін, мұндай әрекетті “ақымақтық” деп атады.
«Иран нарықты бақылауда ұстап отыр. Біз жағдай қалай өрбісе де дайынбыз. АҚШ әскерін кіргізсе, өздерін жеңеді деп ойлауы мүмкін, бірақ бұл масқараның көкесі болады. Біз басымдықты сақтай отырып, АҚШ-пен келіссөз жүргізуіміз мүмкін, бірақ ақымақтыққа жол бермейміз», — деді Али Бахрейни.
Автор: Еркелді Тілеуқұл
Толығырақ: Nur.kz.



