Әлем жаңалықтары

Иран әскери басшылығында ірі шығын: жоғары лауазымды тұлғалар қаза тапты

Иран билігі Израиль мен АҚШ жасаған шабуылдар салдарынан елдің әскери құрылымында ауыр шығын болғанын мәлімдеді. Ирандық БАҚ бірнеше жоғары лауазымды әскери басшының қаза тапқанын хабарлады. Елде жалпыұлттық аза тұту жарияланып, орталық алаңдарда наразылық шаралары өтті.

Иран билігі Израиль мен АҚШ тарапынан жасалған шабуылдар салдарынан елдің әскери басшылығы елеулі шығынға ұшырағанын мәлімдеді. Ирандық ақпарат құралдары бірқатар жоғары лауазымды офицердің қаза тапқанын хабарлады, деп жазады Stan.kz. Бұл ақпаратқа сілтеме жасаған Qandastar.kz сайты хабарлады.

IRNA агенттігінің мәліметінше, Қорғаныс кеңесінің хатшысы адмирал Әли Шамхани және Ислам революциясы сақшылар корпусының бас қолбасшысы генерал-майор Мохаммад Пакпур қаза болған.

Сондай-ақ Қорғаныс министрі Азиз Насирзаде, Қарулы күштер Бас штабының бастығы Абдулрахим Мусави және Барлау министрлігінің қолбасшыларының бірі Хадж-Мохаммад Басери де көз жұмғаны хабарланды.

Фото: Recall

Бұған дейін Ислам революциясы сақшылары корпусы елдің Жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеи өлтірілген жағдайда «Иран қарулы күштері тарихындағы ең жойқын шабуыл операциясын» бастауға уәде берген еді. Осы оқиғалардан кейін елде 40 күндік жалпыұлттық аза тұту жарияланып, жеті күн демалыс күні болып белгіленді.

Ирандық БАҚ-тың хабарлауынша, Хаменеи қаза тапқаны туралы ақпараттан кейін елдің орталық алаңдарына мыңдаған адам жиналып, кек қайтаруды талап еткен. Сонымен қатар бүкіл ел аумағында қаралы шаралар өтіп, мешіттерде қара ту көтерілген.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button