Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының (ИРСК) әскери-теңіз күштерінің басшысы әуе шабуылы кезінде қаза тапқаны туралы ақпарат тарады. Бұл жөнінде The Times of Israel басылымына сілтеме жасаған Qandastar.kz хабарлады.
Басылымның мәліметінше, 26 наурыз күні ИРСК әскери-теңіз күштерінің қолбасшысы Әлиреза Тангсири көз жұмған. Ол Иранның оңтүстігіндегі Бандар-Аббас қаласында орналасқан әскери-теңіз базасына жасалған соққы кезінде мерт болғаны айтылған.
Жарияланған деректерге қарағанда, бұл шабуылды Израиль жасаған болуы мүмкін. Алайда әзірге Израиль де, Иран да бұл ақпаратты ресми түрде растаған жоқ.
Израильдік дереккөздің айтуынша, Әлиреза Тангсири Ормуз бұғазын бақылауға жауапты тұлғалардың бірі болған. Бұл бұғаз – әлемдік мұнай тасымалының маңызды бағыттарының бірі саналады.
Еске салайық, бұған дейін Иран кейбір мемлекеттердің кемелеріне Ормуз бұғазы арқылы өтуге рұқсат бергені хабарланған болатын.



