Әлем жаңалықтары
Иран–Израиль қақтығысы: Қазақстандық әуе компанияларының 6 елдің үстінен ұшуына тыйым салынды

Фото: depositphotos.com
Қазақстандық әуе компанияларының Таяу Шығыстағы 6 елдің әуе кеңістігінің үстінен, ішінде және маңайында ұшуына тыйым салынды, деп жазды qandastar.kz
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Азаматтық авиация комитетінің хабарлауынша, бұл тыйым Иран, Израиль, Сирия, Ирак, Иордания және Ливан елдеріне қатысты. Бұл шешім Таяу Шығыстағы соғыс қимылдарының басталуына және азаматтық авиация қауіпсіздігіне жоғары қауіп төніп отырғанына байланысты қабылданған.
«Аталған нұсқаулық Қазақстанның барлық тұрақты және тұрақсыз жолаушы, жүк және техникалық рейстеріне қатысты. Бұл нұсқаулық қабылданған сәттен бастап күшіне енеді және міндетті түрде орындалуы тиіс. Белгіленген аймақтағы жағдай өзгерген жағдайда, Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің авиациялық қауіпсіздік департаменті қосымша ақпарат береді», – делінген азаматтық авиация комитетінің хабарламасында.
Еске салсақ, бұған дейін Израиль Иранға әуеден соққы жасағаны туралы жазған едік. Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына байланысты Қазақстанның Израильдегі елшілігі арнайы үндеу жариялады.