
Иран билігі әскери шабуылдардың салдарынан елде бейбіт тұрғындар арасында үлкен шығын болғанын мәлімдеді.
Ресми дерекке сәйкес, ақпан айының соңынан бері болған соққылардан 1300-ден астам адам қаза тауып, мыңдаған азаматтық нысан қираған, деп хабарлайды qandastar.kz порталы Xinhua агенттігіне сілтеме жасап.
Иранның Біріккен Ұлттар Ұйымындағы тұрақты өкілі Әмір Саид Ираванидің айтуынша, соққылар тұрғын аудандар мен азаматтық инфрақұрылымға айтарлықтай зиян келтірген.
Оның мәліметінше, жалпы 9 мыңнан астам ғимарат зақымданған немесе толық қираған.
Қираған нысандардың ішінде мыңдаған тұрғын үй, сауда орталықтары, ондаған медициналық мекеме, мектептер мен әлеуметтік нысандар бар. Сонымен қатар гуманитарлық ұйымдардың ғимараттары мен электрмен жабдықтау инфрақұрылымы да зардап шеккен.
«Ел бойынша бейбіт тұрғындар мен азаматтық инфрақұрылымға бағытталған соққылар халықаралық құқықтың өрескел бұзылуын көрсетеді», — деді Әмір Саид Иравани.
Оның айтуынша, шабуылдардың салдары тек қираған ғимараттармен шектелмейді. Кейбір соққылардан кейін отын қоймаларында ірі жарылыстар болып, атмосфераға қауіпті химиялық заттар тараған. Бұл ауаның қатты ластануына әкеліп, әсіресе балалар, қарттар мен созылмалы ауруы бар адамдар үшін денсаулыққа қауіп төндірген.
Иран өкілі сондай-ақ Тегерандағы әуежай инфрақұрылымы мен азаматтық ұшақтардың зақымданғанын, ал Хормозган аймағындағы су тұщыландыру зауытына жасалған соққыдан ондаған ауылға су беру тоқтағанын мәлімдеді.
Сонымен қатар Иравани Ливан астанасы Бейруттегі қонақүйге жасалған шабуыл салдарынан төрт ирандық дипломаттың қаза тапқанын айтып, бұл оқиғаны халықаралық құқықты өрескел бұзу деп атады.
Иран тарапы халықаралық қауымдастықты жағдайға араласып, қақтығысты тоқтатуға шақырып отыр. Ел билігі өз кезегінде мемлекет аумағы мен азаматтарын қорғау үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтынын мәлімдеді.



