Иранда өтіп жатқан жаппай наразылықтар салдарынан 500-ден астам адам көз жұмды. Құқық қорғаушылардың HRANA ұйымының мәліметінше, наразылықтар басталғалы бері 490 бейбіт тұрғын мен 48 күштік құрылым қызметкері қаза тапқан. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Kursiv Тelegram арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Сонымен қатар 10,6 мыңнан астам адам ұсталған.
Оқиғалар аясында Тегеран АҚШ-қа қатаң ескерту жасады. Егер АҚШ-тың президенті Дональд Трамп Ирандағы жағдайға араласып, «наразылық білдірушілерге көмектесуге» тырысса, Иран америкалық әскери базаларға соққы беруі мүмкін екенін мәлімдеді.
Ал Дональд Трамп өз кезегінде «өте қатаң шараларды» қарастырып жатқанын және Иран оппозициясымен байланыста екенін айтты. Бұған жауап ретінде Иран парламентінің спикері Мұхаммад Бақер Қалибаф ықтимал шабуыл жағдайында Израиль, сондай-ақ аймақтағы АҚШ-тың барлық әскери базалары мен кемелері нысанаға алынатынын жеткізді.
Айта кетейік, елде интернет байланысы әлі қалпына келтірілген жоқ. Иран тұрғындары төрт күннен астам уақыт бойы желіге қосыла алмай отыр.



