Жаңалықтар

Іші ауырған баланың ішегінен магнит пен металл заттар алынды

Іші қатты ауырып ауруханаға жеткізілген баланың ішегінен операция кезінде магнит, бұранда және гайка табылды. Дәрігерлер шұғыл ота жасап, бөгде заттарды алып шықты. Қазір баланың жағдайы қанағаттанарлық.

Іші қатты ауырып, жағдайы нашарлаған бала жедел жәрдем көлігімен қалалық балалар клиникалық ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізілді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.

Баланың анасының айтуынша, оның іші қатты ауырып, уақыт өткен сайын жағдайы жақсармаған.

«Біршама уақыт өтсе де баланың ішінің ауырғаны басылмады. Сондықтан дәрігерлердің көмегіне жүгініп, оны ауруханаға алып келдік», – дейді анасы.

Аурухананың қабылдау бөлімінде кезекші хирургтар баланы тексеріп, іш қуысына рентген түсіру туралы шешім қабылдады. Тексеру нәтижесінде баланың ішегінде бөгде заттар бар екені анықталған. Дәрігерлер магнит, бұранда және басқа да металл заттарды байқаған.

Осыдан кейін бала балалар хирургиясы бөлімшесіне жатқызылып, оған шұғыл операция жасалды.

«Операция барысында ішектен бірнеше бөгде зат – магнит, бұранда және алтыбұрышты гайка алынды», – деп мәлімдеді дәрігерлер.

Қазіргі уақытта баланың жағдайы қанағаттанарлық. Ол дәрігерлердің бақылауында болып, қажетті ем қабылдап жатыр.

Back to top button