Жаңалықтар

Израиль мен ХАМАС бітімге келді

Коллаж Ulysmedia

10 қазан күні Израиль мен ХАМАС арасындағы қарулы қақтығысқа нүкте қойылды. Сағат 12:00-де атысты тоқтату туралы келісім күшіне енді. Бұл ақпаратты Израиль Қорғаныс армиясы растады, деп хабарлады qandastar.kz.

Келісімнің алғашқы кезеңінде әскерді шегіндіру және тұтқындармен алмасу шаралары жүзеге асуда. Израильдің кейбір бөлімшелері Газа секторынан шығарылып, жаңа шептерге орналастырылды. Дегенмен, Израиль тарапы тұрғындарға кейбір аймақтардың әлі де қауіпті екенін ескертті.

Бейбіт жоспардың бір бөлігі ретінде Израиль түрмелерінен жүздеген палестиналық босатылады. Ал АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған бастама бойынша, тараптар арасында сенімді қалпына келтіру мақсатында тұтқындармен алмасу жүргізіледі.

Түркия Газаға бітімгершілік миссиясын жіберуге дайын екенін мәлімдесе, Германия гуманитарлық көмек ретінде 29 миллион еуро бөлуге ниетті.

Естеріңізге сала кетсек, 2023 жылдың қазан айында ХАМАС Израильге жойқын шабуыл жасап, мыңнан астам адамның өліміне себеп болған еді. Содан бері екі тарап арасындағы қақтығыс мыңдаған адамның өмірін қиып, өңірдегі жағдайды ушықтырған болатын.

Back to top button