Жаңалықтар

Кабирханның ізбасары ма?: Қазақстандық тұлпар Дубайда топ жарды

Қазақстандық ат иесіне тиесілі «Арлан» есімді тұлпар Дубайда өткен беделді бәйгеде жеңіске жетіп, иесіне қомақты сыйақы әкелді, деп жазады qandastar.kz сайты Tengri Sport-қа сілтеме жасап.

EmirateRacing баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Арлан» Jebel Ali ипподромында өткен 1950 метрлік жарыста мәреге бірінші болып келген. Аталған бәйгенің жалпы жүлде қоры 86 мың дирхамды құрайды. Жеңіс нәтижесінде тұлпар иелері 51 600 дирхам, яғни шамамен 7,2 миллион теңге көлемінде сыйақыға ие болды.

Жарыс барысында «Арлан» жокей Патрик Доббстың басқаруымен ұзақ уақыт бойы көшбасшылардың артында келе жатып, соңғы 200 метрде қарқынын үдетіп, қарсыластарын басып озды.

Айта кетерлігі, «Арлан» қазақстандық иесіне тиесілі болғанымен, жарыс ұйымдастырушылары оны АҚШ өкілі ретінде тіркеген. Таза қанды ағылшын тұқымды тұлпар 2022 жылы дүниеге келген. Сонымен қатар, «Арлан» алғашқы жеңістерін өткен жылдың жазында Алматы ипподромында тіркеген.

Еске сала кетсек, 2024 жылдың басында қазақстандық әлеуметтік желілерде Кабирхан есімді сәйгүлік кеңінен танымал болды. Ол Дубайда өткен миллион долларлық бәйгені ұтып, иесіне рекордтық табыс әкелген еді.

Қазіргі таңда «Арланның» табысы Кабирханның көрсеткішіне жете қойған жоқ. Дегенмен, 2026 жылдың басында өтетін бірнеше ірі халықаралық бәйгелерде ол тағы да бақ сынайды.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button