
Фото: Архивтен
Алматы қалалық соты белгілі қазақстандық кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың шартты түрде мерзімінен бұрын босату жөніндегі өтінішіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды qandastar.kz.
Сот мәліметінше, 2 қазанда Бостандық ауданының қылмыстық істер жөніндегі сотында онлайн режимде өткен отырыс барысында сотталған Боранбаев өз өтінішін қайтарып алған. Осыған байланысты сот оның өтінішін қараусыз қалдырды.
Еске сала кетейік, Қайрат Боранбаев 2023 жылғы наурызда аса ірі көлемде ұрлық және ақшаны жылыстату деректері бойынша кінәлі деп танылып, сегіз жылға сотталған болатын. Кейін апелляциялық сот үкімді қайта қарап, жазаны алты жылға қысқартты. Сол жылдың қарашасында ол мемлекетке миллиардтаған қаржы мен бірқатар бизнес-активін өткізуіне байланысты қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесінен босатылды.
Боранбаевқа жазаның өтелмеген бөлігі бостандықты шектеу түрінде тағайындалған. Ол пробация қызметінің бақылауында тұр.