
Астана. 29 қыркүйек. Алматының «Қайрат» футбол клубының атауын даңғайыр диқан, Еңбек Ері Ыбырай Жақаев ұсынғаны жөнінде жаңа дерек жарияланды, деп хабарлайды qandastar.kz inbusiness.kz сілтеме жасап.
Жазушы әрі журналист Қаныбек Әбдуовтың айтуынша, 1956 жылы алматылық «Урожай» командасы Қызылорда облысына жолдастық кездесуге келген сапарында Ыбырай Жақаевқа соғып, батасын алған. Сол сәтте әйгілі күрішші клуб атауы ретінде «Қайрат» сөзін ұсынып, оның жеңіске жігер беретінін атап өткен.
Сол жылы өткен пленумда түрлі нұсқалар қарастырылса да («Егінші», «Тұлпар», «Алтын дән» және т.б.), ақыр соңында «Қайрат» атауы қабылданған. Бұл ұсыныстың Дінмұхаммед Қонаев арқылы бекітілгені айтылғанымен, түпкі бастама Жақаевтан шыққаны белгілі.
Қаныбек Әбдуовтың сөзінше, бұл деректі көпшілік, тіпті клубтың қазіргі жанкүйерлері де біле бермейді. «Қайраттың» атауында Сыр елінің рухы мен Ыбырай атаның батасы жатқанын ескерген жөн», – дейді ол.
Айта кетейік, алдағы уақытта «Қайрат» футбол клубы әлемнің үздік командаларының бірі – «Реал Мадридке» қарсы ойнайды.