Жаңалықтар
«Қайрат» қақпашысы Темірлан Анарбековті алмастырған Шерхан Қалмұрза қандай ойыншы?

Фото: f.c.kairat
«Қайраттың» жас қақпашысы Шерхан Қалмұрза өткен аптада ҚПЛ-да негізгі команда сапында дебют жасады, деп жазды qandastar.kz
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
14 қыркүйек 2025 жыл. Қазақстан Премьер-лигасының орталық ойыны – «Ақтөбе» мен «Қайрат» арасындағы тартысты матч. Әдеттегідей қақпада Темірлан Анарбеков сенімді өнер көрсетіп тұрған еді. Алайда бірінші таймның ортасында күтпеген жағдай орын алды: негізгі қақпашы ауыр жарақат алып, алаңды ерте тастауға мәжбүр болды. Осы сәттен бастап көпшілік назарында аты сирек аталатын жас қақпашы – 18 жастағы Шерхан Қалмұрза қалды.
Эмоциялар мен алғашқы қадам
Шерхан алаңға шыққан сәтте стадиондағы атмосфера ерекше өзгерді. Жанкүйерлер жас ойыншының қобалжуын сезгендей болды. Әсіресе, «Қайрат» – «Селтик» кездесуінде ол алаң жиегінде қатты толқып, эмоцияға берілген сәті әлеуметтік желілерде үлкен резонанс тудырған еді. Жанкүйерлер оны шынайылығы үшін қолдап, «мем-қаһарман» деп атаған болатын.
Бұл жолы да Шерханның әрбір әрекеті назардан тыс қалмады. Ол жас болса да, сенімді ойнап, қақпада өзін көрсете білді.
Қысқа уақыттағы ұзақ жол
Шерхан Қалмұрза – «Қайрат» академиясының түлегі. 2007 жылы туған жас қақпашы бойы 187 см, салмағы 75 келі. Жасөспірімдер футболынан бастап, клуб жүйесінде біртіндеп өскен ол 2023 жылдан бері QJ League турнирлерінде тәжірибе жинақтап келеді.
2023 жылғы QJ League статистикасы:
– 8 матч, 154 минут алаңда
– 5 сэйв, 0 құрғақ матч
2024 жылғы QJ League көрсеткіші:
– 17 матч, 1002 минут
– 19 сэйв, 4 құрғақ ойын
– 7 жіберген гол, 1 сары қағаз
Бұл деректер оның біртіндеп тұрақты қақпашыға айналып келе жатқанын дәлелдейді.
Жастар құрамасы және халықаралық арена
Шерхан тек клубтық деңгейде ғана емес, ұлттық жастар құрамасында да өзін көрсетіп үлгерді.
-
Қазақстан U-17: 3 матч, 270 минут (ЕУРО-2023/24 іріктеу).
-
Қазақстан U-19: 1 матч, 90 минут (Словениядағы халықаралық турнир).
-
Қайрат-Жастар: 7 матч (2025 жылғы 1-лига), 630 минут.
-
Юношеская лига УЕФА 2024/25: 1 матч, 74 минут.
-
Қайрат (Қазақстан чемпионаты 2025): 1 матч, 78 минут.
-
Чемпиондар лигасы 2025/26: алғашқы ойынға қатысу мүмкіндігі.
Жас қақпашы үшін мұндай тәжірибелер өте құнды. Әсіресе, Чемпиондар лигасы деңгейінде алаңға шығу мүмкіндігі – кез келген ойыншы үшін ерекше сәт.
Қазір «Қайраттың» негізгі қақпашылары – Темірлан Анарбеков пен Дмитрий Заруцкий жарақат алып, қалпына келу кезеңінде. Осыған байланысты клуб басшылығы Шерхан Қалмұрзаны басты үміткер ретінде қарастырып отыр. Ол алдағы Чемпиондар лигасының матчтарында қақпада тұруы әбден мүмкін.
Бұл – оның мансабындағы үлкен сынақ әрі мүмкіндік. 18 жасында Қазақстан чемпионы атанған клубтың негізгі құрамында ойнау, Еуропаның басты аренасында өзін көрсету – жас қақпашының беделін арттырып қана қоймай, болашағына да жол ашады.
Шерхан Қалмұрза қазіргі таңда тек қана «Қайрат» жанкүйерлерінің емес, бүкіл қазақстандық футбол сүйер қауымның назарында. Оның ойынға деген құштарлығы, эмоцияға толы сәттері, еңбекқорлығы мен төзімділігі алдағы уақытта үлкен нәтижелерге жеткізуі мүмкін.
Қазіргі жағдай – күтпеген мүмкіндік. Егер ол осы сәтті пайдаланып, сенімді ойынымен көзге түссе, онда Қазақстан футболы жаңа жұлдызды қақпашымен толыққаны сөзсіз.
Еске салайық, «Қайрат» футбол клубы Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі алғашқы турда Португалияның «Спортинг» командасына қарсы ойнайды. Бұл ойын 18-қыргүйектен 19-на қараған түні Қазақстан уақытымен 00:00 де Лиссабондағы «Жозе Альваладе» стадионында өтеді. Дәл осы матчта Шерхан Қалмұрза кәрі құрлықтың ең басты турнирінде дебют жасауы мүмкін.