Жаңалықтар

Қайрат Кожамжаровтың туыстарының 2,6 млрд теңгелік мүлкіне тыйым салынды

Алматы қаласының Медеу аудандық соты бұрынғы Бас прокурор Қайрат Кожамжаровтың екі туысының және төрт компанияның барлық мүлкіне тыйым салды, деп хабарлайды qandastar.kz сайты Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап. 

2025 жылғы 6 қарашада өткен сот барысында «Қазақстан Халық банкі» АҚ-ның Дулат Қожамжаров пен Гүлназ Қожамжарованың мүлкіне тыйым салу туралы өтініші толық қанағаттандырылды. Сонымен қатар, келесі заңды тұлғалардың активтеріне де шектеу қойылған:

  • «Ойл Снаб» компаниялар тобы» ЖШС;
  • HILL Resources ЖШС;
  • HILL Invest ЖШС;
  • AvtoTechMas Ltd ЖШС.

«Жалпы сомасы 2 550 635 252,63 теңге және 76 524 956 теңге мемлекеттік баж төлемі – барлығы 2 627 160 208,63 теңге көлеміндегі талапты қамтамасыз ету мақсатында жауапкерлердің барлық жылжымалы және жылжымайтын мүлкіне тыйым салынсын», – делінген сот шешімінде.

Дулат Кожамжаров – экс-Бас прокурор Қайрат Кожамжаровтың туған ағасы. Ол Шымкенттегі майлау материалдары зауытын басқаратын Hill Corporation компаниясының иесі. 2024 жылы компания Литваның Клайпеда қаласында дәл осындай өндіріс кешенін салуды жоспарлағаны хабарланған. Сол жылы Дулат Кожамжаров Қазақстанның ең бай 75 бизнесменінің тізіміне еніп, 57-орынға табан тіреген.

Ал Гүлназ Кожамжарова туралы ашық дереккөздерде ақпарат өте аз.

Айта кетсек, 2025 жылғы 6 қыркүйекте Бас прокуратура Қайрат Кожамжаровқа қатысты тергеу басталғанын хабарлаған болатын. Тергеу органдары оны қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру фактілері бойынша тексеруде.

Кеше ғана Қайрат Кожамжаровтың бұйрығымен тағайындалған бұрынғы көлік прокуроры Мақсат Дүйсеновке де іздеу жарияланғаны хабарланды.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button