
Алматылық «Қайрат» Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңіндегі қарымта матчта да «Левскиге» жол берді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Түркістандағы «Түркістан Аренада» өткен кездесуде қазақстандық клуб 0:1 есебімен жеңіліп, екі ойынның қорытындысы бойынша 0:2 нәтижесімен жарыстан шығып қалды.
Алғашқы кездесуде 0:1 есебімен ұтылған «Қайратқа» келесі кезеңге өту үшін кем дегенде екі гол соғу қажет еді. Сондықтан алматылықтар матчты жоғары қарқынмен бастады.
Алайда алғашқы шабуылдардың бірінен нәтиже шықпады. Керісінше, 13-минутта «Левски» есеп ашты. Болгариялық клубтың шабуылшысы Рейналдо қазақстандық команданың қақпасын дәл көздеп, қонақтарды алға шығарды.
Бұл гол «Қайраттың» міндетін одан әрі қиындата түсті. Бірінші таймда алматылықтар таразы басын теңестіруге бірнеше рет талпынғанымен, қарсыластың қорғанысын бұза алмады.
Үзілістен кейін «Қайрат» шабуылды күшейтті. Алайда «Левски» ойыншылары қорғаныста жинақы ойнап, қазақстандық футболшыларға қауіпті сәттерді голға айналдыруға мүмкіндік бермеді.
Қорытынды есеп өзгерген жоқ: 0:1. Осылайша екі матчтың нәтижесі бойынша «Левски» 2:0 есебімен келесі кезеңге өтті.
«Қайрат» үшін Чемпиондар лигасының жолы осымен аяқталғанымен, еурокубоктағы маусым әлі біткен жоқ. Алматылық клуб Еуропа лигасының плей-офф кезеңінде ойнау мүмкіндігіне ие болды. Онда команда ПАОК «Андерлехт» жұбының жеңімпазымен кездеседі.



