Жаңалықтар
Қайрат Нұртастың әйелі төрт баласымен баспанасыз қалды
фото: әлеуметтік желіден
Қайрат Нұртастың әйелі Жұлдыз Әбдікәрімова Instagram-дағы парақшасында өзінің 4 баласымен баспанасыз қалғанын айтты, деп хабарлады qandastar.kz turkystan.kz сілтеме жасап. Ол компания басшылары мен бір топ адамның құрбаны болған.
Сол жылы балаларым «Анашым, жер үйге көшейікші! Өзіміздің ауламыз болса, бақшасына жемістер егейік» деп сұрады. Бұл ой маған да ұнады. Сол сәттен бастап үй іздеуге кірістім. Өз пәтерімді сатуға шығарып, тез арада көшкім келді. Бар ойым үйімді сатып, жер үй салу немесе сатып алу болды. Астанадағы коттедж салатын бірнеше компанияларға да бардым. Сол ізденісте жүргенде құрылыс компаниясының негізін қалаушы Диляра есімді келіншекпен таныстым. Ол маған «Сен сатуға қойған пәтеріңді менің інім Диардың атына жазып бересің. Біз саған қалашықтан 1 жылда екі қабатты жер үй салып береміз. Ал оған дейін сен пәтер жалдап тұрарсың» деді. Мен келісе кеттім. Ойымдағы үйдің табылғанына қуанғаным да рас, – деді Жұлдыз Әбдікәрімова.
Алайда содан бері арада 2 жыл өткен және ол балаларымен пәтерден-пәтерге көшіп шаршаған.
2024 жылдың көктемінде менің үйімнің жақын арада бітпейтінін түсініп, Диляраның алдына бардым. Бұдан артық күте алмайтынымды жеткізіп, өз үйімді қайтарып беруін сұрадым. Сол кезде ол менің пәтерімді банкке кепілдікке (залогқа) тіккенін естіртіп, ол үйде тағы бір інісі Әбілхан отбасымен тұрып жатқанын, қайтарып бермейтінін айтты. Жақсы оған да көндім, мынау бітпей тұрған жер үйімді өзім аяқтайын, соның құжатын берші дедім. Әкімдіктен обьектіні пайдалануға қабылдау актісін жасатпақ болдым. Бірақ соғылып жатқан үйге де, жерге де құжат бермеді, – дейді ол.
Айтуынша, бұл үйді «Аграрлық кредиттік корпорацияға» кепілдікке салып жіберген.
Бір қызығы, аудандық сотқа барарда Диляра жеңілетінімді айтты. Мен Қазақстан Республикасының азаматшасы ретінде құқығым тапталып, алданып жатқандығым туралы полицияға шағым түсірдім. Алайда олар іс қозғамады. Заң бойынша аудандық сотқа шағымдандым. Сот шешімі менің пайдама шешілмегендіктен, қалалық соттың апелляциялық алқасына шағым түсіруге мәжбүр болдым, – дейді Жұлдыз Әбдікәрімова.