21 қазан күні Алматының Орталық стадионында өтетін «Қайрат» – «Пафос» Чемпиондар лигасы матчы алдындағы билет бағасы көпшіліктің көңілінен шықпады, деп хабарлады qandastar.kz.
Клубтың ресми дерегіне сай, билеттер 30 мыңнан 250 мың теңгеге дейін бағаланған. Бұл жаңалық әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, жанкүйерлер бағаның тым жоғары екенін айтып, наразылық білдіруде. Кейбірі «Алудың қажеті жоқ, бойкот жариялайық» деп үндеу де тастаған.
Спорт журналисі Айнат Қабидулла да бағаның шектен тыс екенін айтады:
«Билет сатылымы басталғанда сайтта үлкен кезек болмады. Бұл — сұраныстың төмен екенін көрсетеді. «Қайрат» бұл жолы көп жанкүйер жинаудан гөрі табысқа басымдық беріп отыр», — дейді ол.
Журналистің мәліметінше, «Қайраттың» ресми сайты билеттерді уақытша сатылымнан алып тастаған. Бұл бағаның төмендеуі мүмкін деген болжам туғызды.
Соған қарамастан, сарапшылар алдағы ойын тартысты өтеді деп отыр. Екі команда да Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде алғаш рет бақ сынамақ.