Жаңалықтар
Қайтыс болған донор төрт адамның өмірін сақтап қалды
Фото:University Medical Center
Қазақстанда Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында жүрек трансплантациясы бойынша ота жасалды. 6 сағатқа созылған күрделі операция University Medical Center-пен бірлесіп белгілі кардиохирург Юрий Пяның жетекшілігімен жасалды, – деп хабарлайды qandastar.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Дәрігерлер ми өлімін анықтағаннан кейін, туыстары қайтыс болған Алматы облысының тумасы 45 жастағы ер адамның органдарын алуға келісім берген. Соның арқасында Қазақстанның 4 азаматының өмірі, олардың арасында «дилатациялық кардиомиопатия (уытты)» күрделі жүрек ауруына шалдыққан 43 жастағы ер адамның өмірі құтқарылды. 5 жыл бойы энергетикалық сусындарды шамадан тыс тұтынуы дәрі-дәрмек терапиясын қабылдамайтын жүрек қызметі жеткіліксіздігінің соңғы сатысына әкелген.
Науқасты аздаған дене күшінен ауа жетіспеуі, 50 метр жүргеннен кейін ентігу, қалыпты жағдайда, жатқан кезде ентігудің жоғарылауы, тез шаршау және жалпы әлсіздік мазалаған. Жағдайының нашарлауы 2023 жылдың желтоқсанынан бастап байқала бастады.
«Елімізде кардиохирургия мен кардиореанимацияның даму деңгейі жүректі трансплантациялау операцияларында оң нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Юрий Владимирович бастаған UMC командасына көмек пен қолдау көрсеткені үшін алғысымыз шексіз. Органдарды трансплантациялау бойынша операциялар медицина қызметкерлерінің жоғары біліктілігін талап етеді», – дейді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Басқарма төрағасы Марат Пашимов.
Марат Орынбасарұлы донордың туыстарына да алғысын білдірді: «Донорлыққа өз еркімен келісім беру, адамдардың өмірін сақтап қалуға дайын болу – адамгершілік пен мейірімділіктің үлгісі. Органдарды алуға келісім берген донордың туыстарының игі ісі зор құрметке ие.
Институттың кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Рүстем Төлеутаев: «Жүректі трансплантациялау – күрделі операциялардың бірі, алайда біздің алған тәжірибеміз, дағдыларымыз, клиникамыздың техникалық жарақтандырылуы оны жоғары деңгейде орындауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті.
Айта кету керек, донордан екі бүйрек, өкпе, сонымен қатар көз қабығы алынды. Бүйрек Жетісу облысының тұрғыны 17 жастағы науқасқа А. Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия ғылыми орталығында және астаналық 18 жастағы пациентке University Medical Center-де трансплантацияланды, өкпе – «UMC-те қостанайлық 43 жастағы пациентке, көз қабығы кератопластикасы – екі реципиентке трансплантацияланды.
Айта кетейік, Қазақстанда 2025 жылғы 10 қаңтарда жүрек трансплантациясын күту парағында 140 ересек адам және 5 бала тұр.