Маңғыстау басшысы Нұрдәулет Қилыбай мен танымал әнші Қайрат Нұртас арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қарттарына арнайы барып, Жаңа жыл мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
№2 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында ерекше күтімді қажет ететін 138 қарт тұрады.
Іс-шара барысында облыс әкімі қарияларға мерекелік сыйлықтар табыстап, арнайы дайындалған концерттік бағдарлама қойылды.
Мерекелік кешке елімізге танымал өнер иелері Қайрат Нұртас пен Наркенже Серікбаева қатысып, ән шырқап, ерекше жылы атмосфера сыйлады.
Құттықтау сөзінде Нұрдәулет Қилыбай қызмет алушыларға зор денсаулық, амандық пен жаңа жылда жақсылық тіледі.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік қолдау мен қамқорлықты қажет ететін азаматтарға жан-жақты жағдай жасау – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенін үнемі айтады. Осы бағытта өңірімізде нақты жұмыстар атқарылып келеді. Жаңа жыл – үміт пен сенімге толы ерекше мереке. Сіздерге мықты денсаулық, көтеріңкі көңіл-күй және жақсылыққа толы жыл тілеймін», — деді облыс әкімі.
Желі қолданушылары танымал әншіге де, өңір әкіміне де жылы лебіздерін жазып жатыр.



