Астанада өткен баспасөз мәслихатында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев әлеуметтік-экономикалық жағдай туралы баяндап, журналистер қойған сұрақтарға жауап берді. Сұрақтардың бірі өңір ауылдарында тұрақты түрде дрондардың табылуына қатысты болды, деп жазады Qandastar.kz ақпарат порталы Instagram желісіндегі hronika__kz парақшасына сілтеме жасап.
Әкімнің айтуынша, қауіпсіздікке жауапты арнайы органдар тиісті шараларды қабылдап жатыр.
— Бұл мәселемен ең алдымен қауіпсіздікке жауапты арнайы органдар айналысады. Ең маңыздысы, олардан ешқандай зиян келмеді. Ал дәл осы дрондардың қай мемлекетке тиесілі екенін білу қажет болса, Қорғаныс министрлігіне жүгіну керек. Олар жауап береді, — деді Нариман Төреғалиев.
Журналистер әкімнен наурыз айында алғашқы дрон құлағаннан бері әкімдік оның қай елге тиесілі екенін анықтамады ма деп нақтылағанда, Төреғалиев әкімдіктің білгенін, бірақ ресми түсініктеме үшін Қорғаныс министрлігіне сұрау жолдау керектігін тағы ескертті.
Тағы бір журналист ауыл тұрғындарының өзін қауіпсіз сезінуі үшін қандай жағдай жасалатынын сұрады. Алайда әкім бұл сұраққа да нақты жауап бермеді.
— Қандай жағдай жасауымыз керек? Нені ұсынып отырсыздар, түсінбедім, — деді ол.
2025 жылдың басынан бері Батыс Қазақстан облысында дрондардың құлауы бойынша бес жағдай тіркелген. Соңғысы Ақсай қаласында болды. Қарашығанақ кен орнының маңындағы бұл моноқала 180 шақырым жерде орналасқан Ресейдің Орынбор қаласына жақын. Оқиға кезінде тұрғындар қатты жарылыс дауысын естіген, үйлерінде дүмпу сезілген, кейбір баспаналардың терезелері сынған. Дрон бөліктерінің үстінде украин тіліндегі жазулар болғаны да хабарланған болатын.



