Қазақстанда этникалық қазақтар республиканың әртүрлі аймақтарына қоныс аударуда. Үкіметтің дерегіне сәйкес, қандастарды қоныстандыру үшін еңбек күші жетіспейтін өңірлер анықталған. Солардың қатарында: Ақмола, Абай, Атырау, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары бар, деп жазады qandastar.kz
2025 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 309 адам болып белгіленген. Ал биылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша осы өңірлерге 171 қандас қоныс аударған.
Қоныстанған қандастарға арнайы субсидиялар ұсынылады. Бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (шамамен 275,2 мың теңге) көлемінде қаржылай көмек беріледі. Сондай-ақ, тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтер үшін бір жыл бойына 15-тен 30 АЕК (59–118 мың теңге) төлеуге мүмкіндік қарастырылған.
Сонымен қатар, қандастар мен азаматтарды еңбек күші жетіспейтін өңірлерге қоныс аударуға тарту мақсатында жұмыс берушілерге де қолдау көрсетіледі. Тұрғын үй сатып алу немесе салу, сондай-ақ ипотекалық несие бойынша бастапқы жарнаны жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты енгізілген. Бұл сертификат бір отбасына тұрғын үй құнының 50%-ына немесе 4,56 млн теңгеге дейін біржолғы, қайтарымсыз қаражат түрінде беріледі.
Мемлекеттік шаралар қандастардың жаңа өңірлерге бейімделуін жеңілдетіп, еңбек күшінің тапшы аймақтардағы тапшылығын азайтуға бағытталған.



