Әлеумет және қоғам
Қандастар көмекке мұқтаж
Алматы қаласы Ішкі саясаты басқармасы қолдауымен «Адырна» ұлттық-этонографиялық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Отан оттан да ыстық» қандастар жобасы іске қосылғандығына көп бола қоймады. Осы тұрғыда зерттеп көргеніміздей көшіп келген қандастардың ең бірінші ұтылатыны ол заңды дұрыс білмеуі, өз құқығын талап етпеуі екен.
Қазіргі уақытта ҚХР дан Қазақстанға келіп оқып жатқан қаншама студент бар. Бірақ сол студенттердің көбі жазғы үш ай демалыста Қытайға қайта алмай отыр. Басты себеп Қытайдағы саяси ахуалдың күрделеніп тұрғаны. Бүгінде Қазақстанның әр қаласынан келген студенттер Алматы қаласына жиналған, сол студенттердің тәлімгері Қыдырәлі Оразұлы біраз студенттерді бастап «Адырна» ұлттық -этонографиялық бірлестігінің «Отан оттан да ыстық» жобасы мен танысуға әрі жоба аясында заңгерлік көмек сұрай келгенді.
«2018 жылдың қысқы демалысында Қытайға кеткен 97 студенттің бес алтысы ғана келді»- дейді Қыдырәлі Оразұлы.
«Қалғанын ҚХР да жеке құжаттарын алып қойып, үй қамақта отыр. Кейбірінің ата-анасы саяси қудалауға ұшырағандықтан тіпті түрмеге түскендері де бар. Осы мәселені ескеріп биылғы жазғы үш айда балаларды елге жібермедік. Оқуын аяқтап алсын деп қазіргі кезде барлығын «Ата жұрт» еріктілер ұйымы бас болып, Алматы қаласында жинап отырмыз. Бір айдан кейін өз оқуларына жатаханаларына қайтады. Ал туысы барлары өз туыстарында тұрады. Барлық студенттер осы елде қалып азаматтық алғысы келеді, осы елдің азаматы болғысы келеді. Бірақ «оралман куәлігі» уақытының тым тығыздығына байланысты уақытын өткізіп алып жатыр. Жоғарғы жаққа ұсыныс ретінде «оралман куәлігінің» уақыты өткендерге көмек сұрап хат жолдаған едік. Жауап ретінде «оралман куәлігінің» уақыты, тек үш ай мерзімін де өткендерге ғана қайта тапсыруға болатындығы жайлы заң шықты. Бұл заң шығып біткенше, алды жылдан асып кеткен оралман куәлігінің иелері көбейіп кетті. Қазір де «оралман куәлігінің» уақыты өткендер тек «ықтиярхатпен» жүр. «Ықтиярхаттың» уақыты 5 жыл көлемінде ғана, сонда «бес жылдан кейін қайта келген жағыңа қайтасың»-, деп тұр ғой. Ал ол жақта кімді не күтіп тұрғанын айту қиын. Тағы бір мәселе тіркеу, ата-анасы туған туысы әлі Қытайда тұрып жатқандықтан ешкімді танымайтын жастар, Көші қон полициясын жағалап жүрген делдалдарға жем болып жатыр. Біздің тарапымыздан ұсынысымыз жатаханадағы тіркеуімен «ықтиярхатпен» азаматтық алатын заң шықса жас балалар біраз қиыншылықтан құтылар еді. Өзім де ҚХР дан алғаш келген де делдалдарға жем болып, біраз сабақ болды. Кейде осы делдалдар ақша мен құжатты алып алады да, не жұмыс бітпейді, құжаттың да уақытын өлтіріп алады. Бізде қазір 76 бала бар, барлығы демейін бірақ көбі осы делдалдан теперіш көріп отыр, тездетіп азаматтық алып қалып қалғысы келіп делдалдарға ұрынып жатыр. Арамызда кәмілеттік жасқа енді толғандар бар, ата-анасын сағынбайды деп ойлайсыз ба, әрине сағынады. Көрмегендеріне екі үш жылдан асып барады. Бірақ барлығы елін де отанын да қалғысы келеді».
Қазірде «Ата жұрт» еріктілер ұйымының көмегімен жатаханада тұрып жатқан тағдыры әр түрлі 76 бала бар. Барлығы көмекке мұқтаж, азаматтыққа тапсырғысы келеді. Бірақ қолдан келер қайран жоқ. Дегенімен «Отан оттан да ыстық» жобасын қолға алған ұйым қарап жатпақ емес: «Біз осы қандастарымыздың мәселесімен облыс көлемінде де кездесулер ұйымдастырып, заңдық тұрғыда түсіндіру жұмыстарын бастап кеттік. Қандастарымыздың мәселесін шешуге қолдан келгенше аянбаймыз» -, дейді жоба жетекшісі Әлішер Омар.
Аида ҚОЖМАМБЕТОВА