Білім
Қандастарға 10 мың грант бөлінеді
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы маусым айында елорда төрінде ұйымдастырылған Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында шетелде өмір сүріп жатқан қазақ жастарын қолдау мақсатында және олардың Қазақстанда білім алуына жағдай туғызу үшін Үкіметке отандастарымыздың жоғары білім алуын қолжетімді етіп, оларға бөлінген квотаны екі есеге көбейтуді тапсырған болатын.
Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үрдісі негізінде өткен дүйсенбі күні елордада Халықаралық бағдарламалар орталығы мен Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы шетелде тұратын қазақ балаларын білім гранттарымен қамтамасыз ету мақсатында екіжақты меморандумға қол қойды. Бүгінде Қауымдастық тарапынан оралмандар үшін әлеуметтік тұрғыдан біршама игі жобалар жоспарланып, кейбірін іске асырудың тетіктері қалануда. Жоғарыдағы екіжақты қол қойылған меморандум соның бірі. Қауымдастық өкілдері өткен айларда қандастарымыз көптеп шоғырланған елдерді аралап, ондағы қазақ жастарының рухани-әлеуметтік жағдайымен танысудың нәтижесінде, осындай жаңа қадам жасаудың қажеттігін түсінген. «Шеттегі қандастар арасында дарынды жастар көп екен. Соларды еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарына қабылдаумен қатар, бүгінгі қол қойған меморандум арқылы шетелдерде де білім алуына мүмкіндік жасауымыз керек», дейді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Қауысбекұлы. Келісілген меморандум бойынша, шеттегі қандастарымыздың қазақстандық жастармен бірдей білім алуына мүмкіндік жасалған. Халықаралық бағдарламалар орталығының директоры Жанболат Мелдешевтің айтуына қарағанда, Елбасы тарапынан қолдау тауып отырған аталмыш бағдарлама ғаламдағы барлық қазақ жастарына ортақ. Тіпті мұнда Франция, Англия сияқты еуропалық дамыған елдерде тегін білім алу мүмкіндіктері қарастырылған. Қос тарап келісімімен жүзеге асқан бұл жолғы 10 мың білім грантын Ресейдің танымал оқу орындары бөліп отыр. Үміткерлерден құжат қабылдау, сыналту емтиханы үстіміздегі сәуір айының ортасында Шымкент қаласында өтеді. «Бұл жолғы грантқа негізінен Қырғызстан мен Өзбекстандағы қандастарымызды көптеп тартуды көздеп отырмыз. Бірақ, басқа елдегі қазақ жастары да келіп қатысуына болады», дейді Жанболат Мелдешев мырза.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
https://egemen.kz/article/166978-qandastargha-10-mynh-grant-boelinedi