Оралман куәлігі
Қандастарға, этникалық қазақтарға және олардың отбасы мүшелеріне ұсынылатын мемлекеттік қолдау шаралары
«Қандас мәртебесін» алған тұлғалар және олардың отбасы мүшелері келесімен қамтамасыз етіледі:
қандастарды бейiмдеу және ықпалдастыру орталықтарында тегiн бейiмдеу және ықпалдастыру қызметтерiн көрсетумен;
Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес медициналық көмекпен;
Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең жағдайда мектептерде және мектепке дейiнгi ұйымдарда орындармен, Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын көлемде техникалық және кәсiптiк, орта білімнен кейiнгi және жоғары бiлiм беретiн оқу ұйымдарына оқуға түсуге бөлiнген квотаға сәйкес бiлiм алу мүмкiндiгiмен;
Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең жағдайда әлеуметтiк қорғалумен;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесумен қамтамасыз етiледi.
Қандастарға жеке қосалқы шаруашылығын жүргiзу, бағбандықпен айналысу, саяжай құрылысы үшiн Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес ауылдық елдi мекендердiң жерлерінен, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерден, иммиграциялық жер қорынан, арнайы жер қорынан және босалқы жерлерден уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығымен жер учаскелерi берiледi.
Қандастарға шаруа немесе фермер қожалығын және ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерден, арнайы жер қорынан, иммиграциялық жер қорынан және босалқы жерден уақытша жер пайдалану құқығымен жер учаскелерi берiледi.
Жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасына қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасынан тыс қоныс аударған қандастарға және олардың отбасы мүшелеріне тұрақты тұрғылықты жеріне жол жүру және мүлкін тасымалдау шығындарын өтеуді қамтитын біржолғы жәрдемақылар белгілеуі мүмкін. Жәрдемақыларды төлеудің тәртібі мен шарттарын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдіктері халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекітетін үлгілік қағидалар негізінде бекітеді.
Қандас мәртебесін беруге және (немесе) қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізуге келісім алған этникалық қазақтар және олардың отбасы мүшелері, сондай-ақ қандастар және олардың отбасы мүшелері Қазақстан Республикасының аумағына келген кезде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына және (немесе) кеден заңнамасына сәйкес, көлік құралдарын қоса алғанда, жеке пайдалануға арналған мүлкіне кедендік төлемдерді төлеуден босатылады.
Қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілген қандастарға және олардың отбасы мүшелеріне Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушыларға көзделетін мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады.
Қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілген қандастарға және олардың отбасы мүшелеріне осы бапта көзделген мемлекеттік қолдау шараларынан басқа тұтыну кредитін және тұрғын үй құрылысына ипотекалық қарыз алу құқығы беріледі.
Қандастар немесе оның отбасы мүшелері оларды қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізгеннен кейін қайтыс болған жағдайда, мемлекеттік қолдау шаралары қандастарға немесе отбасы мүшелеріне олардың Қазақстан Республикасының азаматтығын алғанына қарамастан ұсынылады.
«Халықтың көші-қоны туралы» Заңының 23 бабы 4-2-тармағында аталған қандастар Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірдің шегінен тыс жерге өзінің ерік қалауымен бес жыл ішінде өз бетінше көшіп-қонған не Қазақстан Республикасының азаматтығын алудан бас тартқан жағдайларда, Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушыларға көзделген, өздері алған мемлекеттік қолдау шараларын мерзімінен бұрын толық көлемде өтеуге міндетті.