Оралман куәлігі
Қандасты сабылтқан «мәртебе»
Соңғы кездері оралман тақырыбы күрделілене, күннен күнге ушыға түсті. Сәйкесінше кейбір құзырлы мекемелер мен органдарды мезі еткені де бар. Не оң шешімін таппайтын, нақты заң тетіктеріне сай келмейтін әр алуан мәселелер күн өткен сайын көбейіп келеді. Оралмандар жайлы кешегі заң бүгінге, бүгінгі заң ертеңге жарамайтын хәлге жеттік. Себеп көп. Күн өткен сайын қиындықтар да құбылып келеді. Елміз болса сонау жылдардағы заң шеңберінде жұмыс атқарады. Салдарынан отбасы екіге жарылып, бірі шарасыз Қытай асып ары кетсе, бірі қашып бері келіп жатқандар көп. Келіп алып, ҚР азаматтығын ала алмай сабылып жүргендері қаншама? Тіпті, кеше қандастар игілігі үшін «оралман» деп берген мәртебенің өзі, бүгін бастарына бәле болып жабысқаны рас. «Айта айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші, Жамал апамызды қартайған үстіне қартайтып, «Адырна» бірлестігі және бір жиын өткізді. Тура сол – «мәртебе» хақында. Жиынға дәл осы оралман куәліктің салдарынан, арысы 2007-ші, берісі 2016 жылдан бері еліміз азаматтығын ала алмай жүрген 50-ге тарта қандасымыз келді. Мұңы бір, зары бөлек. Кейбірі жемқорларға жем болған, енді бірі делдалдарға кез болған. Әйтеуір не керек «сүйікті» оралман куәліктерінің уақыты өтіп кетіп, Қазақстан Республикасының азаматы деген «құрметті» атаққа қолдары жетпей жүргендер.
Мәселе бар. Түйіткіл талқыланды һәм анықталды. Енді не істемек керек? «Адырна» бірлестігінің қолында мәселені бірден шеше салатын мүмкіндік жоқ әттең! Әйтпегенде жылап келген біраз қандастың көз жасын сүртіп, қолына азаматтықты ұстата салар едік. Және бір өкініштісі жиынға шақырылған құзырлы орган өкілдері келе алмай қалды. Әуелгі мақсат – қандастардың қазіргі халын өз көздерімен көрсін, ет құлақтары мен естісін деген едік. «Келісіп пішкен тон келте болмас» демекші, мамандармен келісе отырып, жоғарыға хат жолдасақ дегенбіз. Иә онсыз солай болды. 50-ге жуық арыз жазылып, хат жобасы талқыланды. Тек құзырлы мекеме өкілінсіз. Бірақ, елім деп келген өзекті жанның мұң-зарына ҚР парламенті құлақ асып, өзектен теппейді деген үміттеміз. Алдағы уақытта сол хаттар мен өтініштерді реттеп, жинақтап өздеріңізге ұсынамыз. Және бұл тек біздің жобамыздың басы ғана. Енді екі ай ішінде бұдан да қордаланған мәселелерді зерттеп, зерделеп, талқыға саламыз. Алайда талқыға салып қана қарап отыру қандастарды қажытқан – «ұпай жинаудың» бір түрі ғана. Сондықтан белгілі нәтижеге қол жеткізгенше тоқтамаймыз деген мақсаттамыз.
Естеріңізге сала кетсек, осы жылдың мамыр, маусым айларынан бері Алматы қаласы, Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Адырна» бірлестігі «Отан оттан да ыстық!» жобасын қолға алған. Жоба аясында қандастарға жұмыспен қамту және тілдік, құқықтық көмек көрсетуді, құжаттарына көмектесіп, мәселелерді анықтауды өз міндеттеріне алған-ды. Сондай-ақ, қандастарға құқықтық, ақпараттық бағыттағы «qandastar.kz» сайты мен жедел желі телефонын іске қосқан.
Құрметолла МҰХАМЕТХАНҰЛЫ, «qandastar.kz»