Қазақстанда қаңтар айындағы Ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ) аралық қорытындылары жарияланды. Алғашқы бірнеше күнде тестілеуге 36 мың талапкер қатысқан, деп жазады qandastar.kz. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметінше, талапкерлердің 64 пайызы тестілеуді қазақ тілінде, 36 пайызы орыс тілінде тапсырған. Ал 52 адам ағылшын тілін таңдаған. Сонымен қатар ҰБТ-ға ерекше білім беру қажеттіліктері бар 156 талапкер қатысқан.
Алғашқы апта қорытындысы бойынша талапкерлердің 60,3 пайызы шекті балл жинаған. Бес пән бойынша орташа балл – 57. Ең жоғары нәтиже – 131 балл.
Министрліктің хабарлауынша, талапкерлер тест тапсырмаларының мазмұнына қатысты апелляцияны тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде бере алады. Ал техникалық себептер бойынша апелляциялар тестілеу барысында қабылданады. Апелляциялар қаралған соң сертификаттар жеке кабинеттерде қолжетімді болады.
ҰБТ-ның алғашқы аптасында ережелерді бұзудың 94 дерегі анықталған. Оның ішінде 56 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып кіруге әрекеттенгені үшін тестілеуден шеттетілген. Тағы 38 адам тестілеу кезінде ережені бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, олардың нәтижелері жойылған. Өзге адамның орнына тест тапсырған жағдайлар тіркелмеген.
Министрлік мәліметінше, ҰБТ-2026 аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Егер тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу деректері анықталса, тестілеу нәтижелері жойылады.



